«Халық жауының» қызы Халида Маманова майданға қалай аттанды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Халида Маманова Сталинге хат жазып, соғысқа өзі сұранып барды. Айып батальонында, кейін аэродромға қызмет көрсету бөлімінде дәрігер, гинеколог болды. Жүздеген жүкті әйелді соғыс даласынан тылға жіберді. Мәскеуден Берлинге дейін барды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Халида Маманова туралы тағы не белгілі? Kazinform тілшісі қазақтың ұлтжанды қызының ерлік және еңбек жолын мамандар мен көзкөргендерден сұрап білді.
Халида Маманова ұлтына жаны ашитын қазақы адам болған — тарихшы
— Қазақтың ержүрек қыздарының қатарына Халида Маманованы да қосып, мақтанышпен айтуымыз керек. Ол 1918 жылы Жетісу өңірінде өмірге келген. Атасы Маман қазақ-қытай арасында сауда жасаған ауқатты кісінің бірі болды. Әкесі Есенғұл Маманов — «Мамания» мектебінің негізін қалаған адам. 1928 жылы еліміздегі ірі байларды кәмпескелеу және жер аудару туралы декрет шықты. Осы декретке байланысты қудалауға ұшырады. 1928 жылы бұл отбасын Пенза облысына жер аударады. 1931 жылға дейін сонда тұрып, Орынбор қаласына қарай көшеді. Әкесі және екі бауыры қайтыс болып, анасы 4 баласымен бірге Алматыға қоныс аударады. Бірақ Халида орта мектепті Орал қаласында бітіреді. Кейін Семейдегі фармацевтика техникумына оқуға түсіп, аяқтай алмады. Оқуын бітірер шақта байдың қызы екенін біліп, қудалауға ұшырайды, — дейді тарихшы Жайдарман Ғанибаева.
Оның айтуынша, сол кезде Халида Маманованың әрі қарай оқуына, білім алуына кедергі келтіретін мінездеме қоса жазылады.
Қазақ қызы қайсарлық танытып, 1936 жылы В. А. Молотов атындағы қазақ мемлекеттік медицина институтының (қазіргі С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті — ред.) дайындық курсына, кейін институттың бірінші курсына оқуға түседі.
1941 жылы оқуды аяқтайды.
— Соғыс басталған кезде медицина институтына Мәскеу қаласынан КСРО ғылым академиясы физиология институтының бір топ маманы келеді. Олар Халиданың бойындағы қабілетін көріп, оқу орнына алып қалады. Халиданың құжатында «халық жауының қызы» деген жазба бар екені белгілі. Соған қарамастан ол Сталинге хат жазады. Хатында айып батальонына сұранады. Ол қылмыскерлерден жинақталған айып батальонында бірнеше ай жүреді. «Халық жауының қызы» атынан арылу үшін бәріне шыдайды. Кейін екінші әуе армиясына ауыстырылады. № 24 авиация базасындағы 821 батальонында болады. Командирі де жақсы мінездеме берген. «Маманова басқарған амбулатория 1943 жылдың тамызына дейін 17 аэродомдық және алғы шеп комендатураларында болып, 18 мыңдай жаралыны емдеді» деп жазған. Ол майданда да өз ісін адал атқарған. Арада бір жарым жыл өткенде үшінші рангтегі әскери дәрігер шенін алады. Сталинград шайқасына қатысып, медаль еншілейді. 1943 жылы № 24 авиация базасының бас гинекологі болады. Мақсаты — майданда, госпитальда жүрген, медициналық-санитарлық батальонда жүрген дәрігер, медбикелерді тексеруден өткізу. Жүкті әйелдерді тылға жібереді. Оның бақылауында 800 мыңдай әйел болған. Оны кейін № 24 авиация базасының бастығы өз естелігінде айтқан. 1945 жылдың желтоқсанына дейін майданда болады. «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады, — дейді тарихшы.
Елге келген соң Халида Маманова В. А. Молотов атындағы қазақ мемлекеттік медицина институты физиология кафедрасысында ассистент болады.
Алайда 1950-1952 жылдары тағы да саяси көзқарасы үшін қудалау басталады. Халида Маманова тағы шеттеп қалады.
— Бірге жұмыс істеген әрі жетекшісі фотофизиолог Глозман оны Қарағандыға шақырады. Медицина институтына жұмысқа қабылданып, 1954 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1959 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институты ашылып, патологиялық физиология кафедрасының меңгерушісі болады. 1961 жылы доцент атағын алады. 1969 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғайды (докторлық диссертацияны қай қалада қорғағаны туралы ақпарат әртүрлі, сұхбат барысында музей қызметкері Қырғызстанды, аспиранты Алматыны айтты — ред.) Мендегі дерек осылай. Медицина ғылымының докторы, профессор. 50-ден астам ғылыми еңбегі бар. Шетел ғалымдарының да қызығушылығын тудырған, 5 адамның кандидаттық диссертациясына жетекшілік еткен. Шетел ғалымдары қызыққанымен Халида Маманованың елден шығуына шектеу қойылған. Ақтөбеде емдеу ісі факультетінің дектаны болған, кәсіподақта қызмет етті. Сонымен бірге Халық аспаптар оркестрін құрған. Халида Маманова ұлтжанды, қазақы адам болған. Көп адамға осы ұнамаған болуы керек. Көп қудалауға ұшырады. Еңбегін, талантын аяғына дейін аша алмай кеткен адам сияқты көрінеді. Тарихшылар архивтен құжаттар жинап, зерттеу жүргізсе деймін. Магистр, PhD докторларына тақырып бола алады. Ерлігін халық әлі білмейтіні өкінішті, — дейді тарихшы Жайдарман Ғанибаева.
Өмірбаянының қолжазба көшірмесі университет музейінде сақталған
М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің мұражайында Халида Мамановаға арналған бұрыш бар. Онда батыр қыздың өмірбаяны жазулы, фотосуреттері сақтаулы.
Сонымен бірге түрлі басылымдарда жарық көрген естеліктер көшірмесі, орден, медальдарының фотосын көруге болады.
Ал арнайы қорда Халида Маманова өз қолымен жазған өмірбаян, жеке іс құжаты мен соғыс жылдарындағы мінездемелер, бұйрықтардың көшірмесі сақтаулы.
— 1959 жылы қалыпты патологиялық физиология кафедрасының негізін қалап, 1977 жылға дейін меңгерушісі болды. Сонымен бірге емдеу ісі факультетінің деканы қызметін атқарды. Ол депутат та болды. 1965 жылы алғаш рет өңірде медицина университеті жанынан құрылған ұлт аспаптары ансамблін ашты. Қазіргі атауы — «Серпер», — дейді музей жетекшісі Гауһар Сейітжанова.
Ақтөбелік оқушылар, студенттер зерттеу жұмыстарын жүргізсе де қазір М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің мұражайына барады.
Мұндағы құжаттардан Халиданың Кеңес әскері қатарына 1942 жылы алынғанын көруге болады.
— Менің әскери қызметім № 24 авиация базасындағы 821 батальонда амбулатория басшысы қызметінен басталды. Біздің әскер ол кезде Оңтүстік-батыс майдан құрамында, кейін Сталинград майданында болды. Сталинград түбіндегі шайқастан соң біздің батальон Украина майданы құрамына кіріп, Украина, Қырымды азат етті. Кейін үшінші Беларусь майданының құрамында Балтық жағалауы елдерін, бірінші және екінші Украина майданы құрамында Польша, Чехословакия, Германия, Австрия жерінде болдым. Ол кезде авиация базасында бас гинеколог қызметін атқардым. 1942-1943 жылдар аралығында ешқандай шенім болмады. 1943 жылы медицина қызметінің аға лейтенанты шені берілді. Ал 1945 жылы капитан шенін алдым. «Сталинградты азат еткені үшін» медалі, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталдым, — деп жазған Халида Маманова өз қолжазбасында.
Бұл — 1952 жылғы қолжазба. Сондай-ақ Халида Маманова қолжазбасында майданда жараланып, 1945 жылы 26 желтоқсан күні бұйрықпен әскери қызметтен босатылғанын жазған.
Арада бір ай өткенде, 1946 жылдың ақпан айында Қазақ медицина институты патологиялық физиология кафедрасына ассистент болғанын, онда 1950 жылға дейін еңбек еткенін де баяндаған.
Кандидаттық диссертациясын әзірлеп қойғанын, таяуда қорғайтын ойы бар екенін қолжазбадан оқуға болады. Дегенмен денсаулығы нашарлап, инстиуттан жұмыстан шыққан.
1950-1951 жылдар аралығында Алматыда учаскелік дәрігер болды. 1951 жылдың қараша айынан бастап кәсіподақта еңбек еткен. Өмірбаяны туралы қолжазба осы жерден үзіледі.
Музей қорындағы жеке іс құжаттарында соғыс жылдары жазылған мінездемелер де сақтаулы. Мәселен бір құжатта Халида Маманованың 18 мың адамға ем жүргізгені, бас гинеколог қызметіне ауысқаны жазылған.
1943 жылдың тамыз айынан бастап гинеколог қызметіне ауысып, 216 рет әйелдердің жеке құрамына барады, оларды медициналық тексеруден өткізеді. Сол уақытта 11 200 әйелді тексергені анық жазулы тұр.
Жүктілікті сақтады, аяғы ауыр келіншектерді дер кезінде тылға жіберді. Осы деректерді келтірген бастығы Ткаченко «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттауға ұсынады.
Батыр жайлы көркем фильм түсіріле ме?
Халида Маманова туралы енді-енді айтыла бастады. Бірақ әлі де ашылмаған сыр көп.
Қазақ қызының тағдыры мен өмір жолын, соғыс жылдарындағы ерлігін естіген, туысымен сөйлесіп, деректерге қаныққан актер, режиссер Азиз Бейшеналиев әлеуметтік желідегі парақшасында көркем фильм түсіру ниетін жариялады.
— Біз материал жинақтап, сценарий жазу үшін бір жыл жұмыс істеп, оны бірнеше апта бұрын ғана аяқтадық. Сценарийді Ұлттық киноны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталыққа ұсынамыз. Ұсыныс қабылданбаса, жобаны мемлекеттік қолдаусыз-ақ жүзеге асыруға күш саламыз, — деп жазып, қаржы іздейтінін, тарихи оқиғалар тек бір күнде түрлі шарамен шектелмеуі тиіс екенін жеткізді Азиз Бейшеналиев.
Kazinform тілшісі актер, режиссер Азиз Бейшеналиевке хат жазып, хабар алды. Режиссердің айтуынша, нақты ақпарат түсірілім жақындаған кезде белгілі болады.
Мамановтардың ұрпағы Ақтөбеде тұрады
Халида Маманова тұрмысқа шықпады. Немере інісі Медет Мамановты қолына алып, тәрбиеледі. Медет Мамановтың қызы Мадина медицина ғылымдарының докторы, профессор Халида Маманованы әжем деп біледі.
Қазір өзі әкесі бастаған зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ ойда. Себебі Халида Маманованың медальдары табылмай тұр.
Ал медаль — әжесінен қалған ең құнды бірегей жәдігер. Kazinform тілшісінің алғашқы сұрағы да кинотуынды туралы болды.
— Апам режиссермен кездесіп, сөйлескен. Менің ойымша ақпарат берген де сол. Ол туралы таяуда ғана білдім. Бірақ өзімнен ештеңе сұрамады. Олардың ақпаратты қалай жинағанын білмеймін. Әжемнен қалған құнды дүниелер негізінен музейде сақтаулы. ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи мұражайында фотолары, Алматыдағы әскери архивте құжаттары мен көзілдірігі бар. Ал медалін жоғалтып алдық. Әкем Медет Маманов бір музейге тапсырған, бірақ қайсында екенін білмей жүрмін. Қазіргі кезде бірнеше қаладағы таныстарыма айтып, сұраттым. Әкем көз жұмған соң біздің қолымыздағы ақпарат үзіліп қалды. Ол кісі күнделік те жазбаған екен, — деді Мадина Маманова.
Халида Маманова — тұлға, қаһарман. Ол — батыр. Мадина Маманова әжесін дәл осылай деп таниды.
— Маман әулеті — интеллектуал әулет. Бай әрі білім мен ғылымға құштар болды. Мектеп ашты, сонда қазақ балаларын оқытты, кейін олардың әрі қарай білім алуына жол ашты. Ондағы мақсат — сол білімді жастың қайта оралып, Мамания мектебінде жұмыс істеуін ұйымдастыру болды. Бірақ Маман әулеті қудалауға ұшырады. Ал соғыс басталғанда әжем Халида Маманова Сталинге хат жазып, айып батальонына сұранды. Сол арқылы ол «халық жауы» деген айыптан құтылғысы келді. Әкем «әжең жалғыз қыз болды айып батальонында» деп айтатын. Онда қылмыскерлер, жазасын өтушілер болған екен. Соғыс кезінде әжемді бәрі қорғаған, араларындағы жалғыз дәрігер ретінде құрмет көрсеткен, — дейді Мадина Маманова.
Медет Маманов қызына әжесінің ғылыми еңбек жолын, ғалымдардың құрметі туралы айтып берген.
Бірақ Халида Маманованың шетелге шығып, зерттеулері туралы баяндама оқуына тыйым салынған.
— Ол қайсар жан, өз ұлтын жақсы көрді. Ақтөбеде жүргенде ансамбль құрып, оған өз қаржысына домбыра сатып алды, қажетті ұлттық киімді өзі тікті. Мұның бәрі ұлтына деген шексіз махаббатын білдіреді. Бір өкініштісі — өлімі жұмбақ. Әкем өмірінің соңына дейін күмәнданды. Болгарияда көз жұмғанымен Ақтөбеде жерленді. Жаназасына медициналық институттың ұжымы, студенттер қатысқан. Тағы бір дерек. Әжем көз жұмған кезде әкем әскерде болған. Ол Ақтөбеге келгенде пәтеріндегі құжаттарды, киім-кешекті, кейбір марапатын әлдебіреулер алып кеткен. Әкем тек бір бөлігін жасырын алып, Алматының ар жағында тұратын Халида Маманованың інісіне жасырып үлгерген. Өмірі осындай қиын болған екен. Әкем — Халида Маманованың інісінің баласы. Оны Ақтөбеге әкеліп, тәрбиеледі. Тек әкем тентек болған. Бірдеңе бүлдірсе әжем оны «ісің туралы ойлан» деп пәтерден шығарып жібереді екен. Осындай үзік сырларды ғана білемін. Әжем туралы қазір көп айтылады. Демек әкемнің еңбегі еш кетпеді. Тіпті Халида Маманова туралы кітап та бар, — деді немересі Мадина.
Халида Маманова ұлтжанды адам — аспиранты
Ақтөбедегі медициналық институтта жұмыс істеген Халида Маманованы прокурорлар жиі шақырып алатын.
Бұл — Халида Маманованың жетекшілігімен кандидаттық диссертация жазған медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Тілеухан Бегалиннің сөзі.
— Қазақ әйелдерінің арасында ғылымға беріліп, докторлық қорғаған алғашқы ғалымдардың бірі деп айтар едім. Алғашқыда медициналық инстиутта жалғыз қазақ әйелі болған екен. Бұл көп нәрсені аңғартады. Қазір таяқ тастасаң, профессорға тиеді. Ол кезде бәрі Мәскеу арқылы шешілді әрі диссертацияны қорғаған кезде аты-жөні аталмайтын, комиссияға солай түсетін. Апайдың адамгершілігі өте жоғары болған. Ұлтжанды жан. Өз кафедрасында ауылдан шыққан қазақтың балаларын жұмысқа алды. Ол кезде бұл ұлтшылдық деп есептелді. Шын мәнінде апай ұлтжанды. Қазақша сөйледі. Мен 1970 жылдары келдім. Сол кезде қазақша сөйлейтін бәріне. Біздерге түрлі тамақ, бәліш, чак-чак пісіріп әкелетін. Қолы ашық жан сондай. Киімді де өзі тікті, өзі дизайнер. Өмірінің соңғы жылдарына дейін прокуратура жиі шақырып тұрды. Келген кезде ашуланып отыратын. Бірақ сырын көп айтпады. Кейде соғыс жылдары жайлы әңгімелейтін. «Бес ұшақ ұшса, соның біреуі ғана оралатын» деп еске алады. Әкесінің қуғынға ұшыраған жылдарын, өз қиындықтарын да айтты там-тұмдап. Ғылыми еңбектерін қорғауда кедергілер болды. Докторлығын Мәскеуде қорғамады, — дейді Тілеухан Бегалин.
Халида Маманова Тілеухан Бегалиннің диссертация жетекшісі болды. Алғашқы екі тақырып қол болмай, үшіншісі көңілге қонды.
Арада үш жыл өткенде ғылыми еңбек жазылды, тек қорғайтын кез келгенде жетекшісі кенеттен көз жұмды. Өзгелер таласқанда Тілеухан Бегалин бас тартып, өз жетекшісіне адал болуды ойлады.
Сөйтіп жан-жаққа хат жазып, сұраныс жолдады. Жетекшісі Халида Маманованың аты-жөнін қоршап, диссертациясын қорғады.
— Өз аспирантына бар жағдайын жасады. Тек мен ғана болдым. Апайға ешкімді бермеді десе де болады. Шетелге де шығартпады. Тек сол Болгарияға барған еді, — дейді Тілеухан Бегалин.
Халида Маманова 1977 жылы тамыз айында көз жұмды. Ол Ақтөбедегі Сүт зауыты ауданында орналасқан зиратта жерленген. Зираттағы құлпытаста фотосы бар.
Ақтөбеде Халида Маманова атындағы көше бар, тұрған үйіне ескерткіш тақта да орнатылды.
Биыл Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толады.
Kazinform тілшісі Ақтөбенің Бұлақ ауылында туып, Ресейдің Новосокольники ауданында ерлікпен қаза тапқан батырдың музейіндегі құнды жәдігермен танысты.
Айта кетейік, Соғыс жылдары Ақтөбеге көшірілген зауыттар әлі жұмыс істеп тұр. Олардың арасында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе рентген зауыты бар. Бұл зауыттар соғыс жылдары майдан даласына оқ-дәрі, жарылғыш заттар шығарды.