Халықаралық арбитраж орталығы сарапшылық біліммен алмасуға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев Халықаралық арбитраж орталығының (ХАО) төрағасы Томас Крюммельмен кездесті. Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі мәлім етті.
Іс-шараға Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, ХАО тіркеушісі Кристофер Кэмпбелл-Холт және Қытай университетінің профессорлары Чжан Линхан мен Кун Цинцзян қатысты.
— Кездесу барысында А.Мерғалиев Қазақстанның сот жүйесі мен ХАО арасындағы ынтымақтастықтың оң динамикасын, Крюммель мырзаның кәсіби байланыстарды нығайтуға және озық практиканы ілгерілетуге қосқан жеке үлесін атап өтті. Ол Қытай университеті профессорларының сот төрелігі мәселелері бойынша пікір алмасу үшін сарапшылық тәжірибесі қызығушылық тудыратынына тоқталды, — делінген хабарламада.
Жоғарғы Сот Төрағасы сот ісін жүргізудің тиімділігін, ашықтығын және ыңғайлылығын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық құралдарды соттарға енгізу туралы айтты.
Т.Крюммель, өз кезегінде, ХАО арбитраж орталығының қызметі, оның ішінде Жоғарғы Сотпен ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылатын қызметі туралы ақпарат берді.
Тараптар өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылады және бірлескен бастамаларды, соның ішінде сарапшылық біліммен алмасу жөніндегі іс-шараларды жалғастыру ниетін растады.
Ынтымақтастық туралы меморандумға 2021 жылы Қазақстан Жоғарғы Сотының, АХҚО сотының және Халықаралық арбитраж орталығының (ХАО) төрағалары қол қойған. Ол сот төрелігінің ортақ стандарттарын ілгерілету бойынша бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Меморандумға қатысушылар халықаралық бағдарламалар, көпжақты байланыстар мен өзара іс-қимыл, сондай-ақ білім беру және ғылыми-зерттеу іс-шаралары арқылы коммерциялық дауларды шешу саласында тәжірибе алмасуды, консультациялар өткізуді, өзара қолдау көрсетуді және ортақ ұстанымдарды әзірлеуді, құқықтық ақпаратпен және сот практикасымен алмасуды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жоғарғы соттың үш судьясы отставкаға кетті.