Халықаралық ат спорты федерациясының президенті Ингмар Де Вос Рустам Баялиевпен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — FEI президенті Ингмар Де Вос ҚР Ат спорты федерациясының басшысы Рустам Баялиевпен кездесіп, конкурдан Еуразиялық лиганың әлем кубогы финалы өтіп жатқан «Арғымақ» ат-спорты сауықтыру кешенін аралап, аренаның инфрақұрылымымен танысты.

Фото: ҚР Ат спорты федерациясы

Астанаға алғаш рет табан тіреген FEI басшысы қаланың заманауи сәулетіне тәнті болғанын жеткізіп, еліміздегі ат спортының соңғы жылдардағы қарқынды дамуына жоғары баға берді.

Фото: ҚР Ат спорты федерациясы

- Мен Астанаға алғаш рет келіп отырмын. FEI-ге басшылыққа келген кезімде өзіме дейінгі президент, мәртебелі ханшайым Хайяның Астанаға сапарынан көптеген суретті көрген едім. Қала мені қатты таңғалдырды. Инфрақұрылымы керемет, өте заманауи шаһар. Елордамен танысуымды одан әрі жалғастыруды асыға күтемін. Федерацияның жаңа басшысы мен оның командасы басшылығымен еліңізде ат спорты айтарлықтай дамып, жаңа деңгейге көтерілді деп ойлаймын. Жарыстарды әлі тамашалап үлгермедім, бірақ алдағы Гран-при бәсекесін асыға күтемін, - деді Ингмар Де Вос.

Қазақстан үшін FEI-мен ынтымақтастық – ат спорты саласын дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі. Соңғы жылдары еліміз халықаралық байланысты кеңейтіп, ұлттық федерацияның институционалдық әлеуетін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, ұлттық құраманың 20 жылдық үзілістен кейін конкурдан Азия ойындарына қатысуы, FEI аясындағы халықаралық жарыстардың өткізілуі және конкурдан Еуразиялық лиганың іске қосылуы – отандық ат спортының дамуындағы маңызды кезеңдер.

Фото: ҚР Ат спорты федерациясы

Кездесу барысында тараптар алдағы ынтымақтастықты нығайту, спорт инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, ұлттық федерацияны қолдау және қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, Ингмар Де Вос Астанада өтетін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің жиынына қатысады.

Бұған дейін Астанаға FEI Президенті Ингмар Де Вос келгенін жазған едік.