Халықаралық байқаушылар Алматыдағы референдумға өз бағасын берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – ТМД елдерінен келген халықаралық байқаушылар Д.Снегин атындағы №30 мектеп-гимназиясында орналасқан №383 сайлау учаскесінде болды.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Айтуларынша, АЭС-ті салу мәселесі бойынша дауыс беру процесі Қазақстан заңнамасына сәйкес жүріп жатыр.

Байқаушылар арасында Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен аккредиттелген тұлғалар, сондай-ақ ТМД Атқару комитетінің өкілдері бар.

«Байқаушылар дауыс беруге келушілердің өте белсенді әрі көңіл-күйлері көтеріңкі екенін көріп, референдумның ұйымдастыру жұмысына жоғары баға берді», - деп атап өтті Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рафаэль Гасанов.

Еске салайық, ТМД елдерінен келген байқаушылар (74 адам) еліміздің 9 өңіріндегі дауыс беру учаскелерінде жүр. Олар Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облысы және Астана, Алматы мен Шымкент қаласы.

Осыған дейін ТМД елдері атынан келген халықаралық байқаушы Леонид Анфимов атом электр станциясын салу бойынша республикалық референдумның өту барысына қатысты пікір білдірген болатын.