Халықаралық гуманитарлық ұйымдар Израильдің Газаға шабуылын тоқтатуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің жетекші үкіметтік емес ұйымдарының ондаған өкілі Израильдің Газа қаласына жасаған әскери операциясын дереу тоқтатуға шақырып, қатаң үндеу жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Сәрсенбі күні гуманитарлық ұйымдар коалициясы әлемдік қауымдастыққа үндеу жолдап, Израильдің Газа қаласындағы әскери әрекеттерін тоқтатуды талап етті.
Арасында Save the Children, Oxfam, Islamic Relief, Norwegian Refugee Council және тағы басқа 20-дан астам халықаралық ұйым қол қойған бұл құжатта Газа секторындағы жағдай «көп көрмеген гуманитарлық апат» деп сипатталған.
Бұл үндеу БҰҰ-ның арнайы комиссиясы Газа секторындағы жағдайдан геноцид белгілерін анықтағаны туралы баяндамасынан кейін жарияланды. Ұйым өкілдерінің пікірінше:
— Мемлекеттер Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың жойылуын болдырмау үшін барлық саяси, экономикалық және құқықтық тетіктерді пайдалану керек.
Гуманитарлық ұйымдар өз мәлімдемесінде былай деп жазды:
— Біз Газа секторында тек гуманитарлық дағдарысты ғана емес, сонымен қатар БҰҰ-ның тергеу комиссиясы геноцид деп таныған жағдайды да көріп отырмыз.
Мәлімдемеде атап көрсетілгендей, Газа қаласынан бір миллионға жуық адамның жаппай көшуі бұл аумақты өмір сүруге жарамсыз етіп отыр.
— Қазір — шындықтың сәті. Бұл — бүкіл әлем үшін адамгершілікке сын. Халықаралық қауымдастық бұл сынақтан әлі өте алған жоқ, — делінген үндеуде.
Ұйымдар атап өткендей:
— Мемлекеттер қолындағы барлық саяси, экономикалық және құқықтық құралдарды қолдануға тиіс. Бос сөздер мен жартылай шаралар жеткіліксіз. Қазіргі жағдай — батыл әрекеттерді талап етеді.
Еске салайық, сәрсенбі күні Израиль Қорғаныс армиясы Газадан 400 мыңға жуық тұрғынның оңтүстікке қарай эвакуацияланғанын мәлімдеген болатын.
Газа секторының солтүстігінде интернет пен байланыс толығымен өшірілді.