Халықаралық қауымдастық Израильді Газа секторын басып алуды дереу тоқтатуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің Газаны басып алу жоспары БҰҰ мен халықаралық қауымдастықтың сынына ұшырады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасының басшысы Фолькер Тюрк жұма күні «Израиль үкіметінің оккупацияланған Газа секторын толық әскери басып алу жоспары дереу тоқтатылуы керек» деп мәлімдеді.
Еске сала кетсек, Израильдің қауіпсіздік кабинеті жұмаға қараған түні премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың Газа қаласын бақылауға алу туралы шешімін бекітті. Жоспарға сәйкес, Израиль әскері Газа қаласын басып алуға дайындалады.
Тюрк атап өткендей, бұл жоспар Израильдің екі мемлекет туралы келісілген шешімнің жүзеге асуы және палестиналықтардың өз тағдырын таңдау құқығымен сәйкес келетін оккупациясын мүмкіндігінше тезірек тоқтатуы керек деген БҰҰ Халықаралық сотының шешіміне қайшы келіп отыр.
Ол сондай-ақ Израиль «гуманитарлық көмектің толық және кедергісіз ағынын» қамтамасыз етуі керектігін, ал Палестина қарулы топтары кепілге алынғандарды шартсыз босатуы керектігін баса айтты. Бұған қоса, Тюрк Израильді «ерікті негізде ұсталған палестиналықтарды» босатуға шақырды.
Израиль үкіметінің шешімі ел ішінде және шетелде өткір сынға ұшырады.
Израиль оппозициясының жетекшісі Яир Лапид ұсынылған жоспарды «апат» деп атап, бұл кепілге алынғандар мен Израиль әскерлерінің өліміне әкелетінін айтты.
Лапидтің пікірінше, Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен қаржы министрі Бецалель Смотрич Нетаньяхуды әскери операцияларды ұзартуға, көптеген сарбаздардың өліміне және израильдік салық төлеушілерге ондаған миллиардтаған шығын әкелетін шешімге «тартты».
Мысыр
Мысыр алаңдаушылығын білдіріп, егер содырларға қашу мүмкіндігін бермесе, Израильдің жоспары ХАМАС қолында ұстаған израильдіктердің өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін ескертті.
Президент Әбдел-Фаттах ас-Сиси Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келіссөзді дереу қайта бастауды талап етті. Ол сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамппен зорлық-зомбылықты тоқтату әрекеттеріне бағытталған тікелей келіссөз жүргізуді сұрады.
Қытай
Қытай да Израильдің Газа қаласын бақылауға алу жоспарына қатысты «қатты алаңдаушылығын» білдіріп, оны «қауіпті әрекеттерін дереу тоқтатуға» шақырды.
— Газа Палестина халқына тиесілі және ол Палестина аумағының ажырамас бөлігі, — деп мәлімдеді ҚХР Сыртқы істер министрлігінің өкілі AFP агенттігіне.
Ұлыбритания
Біріккен Корольдік та қақтығыстың өршуіне алаңдаушылығын білдірді. Премьер-министр Ктр Стармер Израильдің Газаны басып алу шешімін айыптап, бұл аймақтағы гуманитарлық апатты одан сайын ушықтыратынын мәлімдеді.
— Израильдің бұл шешімі бейбіт тұрғындардың қайғы-қасіретін арттырып, қосымша қантөгіске әкеледі, — деп мәлімдеді Стармер.
Ол Израильді әрекетін дереу қайта қарауға шақырды, олардың қақтығысты бейбіт жолмен шешуге әкелмейтінін алға тартты.
Аустралия
Өз кезегінде Аустралия да Газадағы гуманитарлық жағдайды алға тартып, Израильдің шешімін айыптады. Елдің сыртқы істер министрі Пенни Вонг Израильді секторға әскери бақылауынан бас тартуға шақырып, халықты күштеп көшіру халықаралық нормаларды бұзады деп баса айтты.
Түркия
Түркия Сыртқы істер министрлігі Израильдің Газа қаласын бақылауға алу жоспарын қатаң айыптап, халықаралық қауымдастық пен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін бұл жоспардың жүзеге асуын болдырмау үшін әрекет етуге шақырды.
Бұған дейін Нетаньяху Газа секторын толық басып алуды көздеп отырғанын жазған едік.