ХКҰ-ның Жүк және контейнерлерді тасымалдау жөніндегі кіші комитетінің отырысында сөз сөйлеген ол геосаяси шиеленістің кеме қатынасы саласына тигізіп отырған ауыр зардаптарына назар аударды.
— Қақтығыстар сауда кемелері мен еш жазығы жоқ теңізшілерге шабуыл жасауға сылтау ретінде пайдаланылып отыр, — деді Арсенио Домингес.
Таяу Шығыстағы қазіргі қақтығыс басталғалы бері ХКҰ Ормуз бұғазы мен оған іргелес аумақта халықаралық кеме қатынасына жасалған 80 шабуылды растаған. Соның салдарынан кемінде 22 теңізші қаза тауып, тағы көптеген адам жарақат алған.
Қара және Азов теңіздерінде де соңғы айларда халықаралық кеме қатынасына жасалған шабуылдар салдарынан ондаған адам қаза тапқаны туралы ақпарат бар. Алайда ХКҰ нақты қаза болғандар санын растау қиын екенін атап өтті.
Қызыл теңізде де шабуылдар қайта жалғасты. 11 тамызда болған соңғы оқиға кезінде хуситтер сауда кемесіне шабуыл жасап, салдарынан төрт адам қаза тапқан.
Домингес бұл қақтығыстар аясындағы шабуылдарға бір ғана тарап жауапты емес екенін атап өтті.
— Ормуз бұғазында сауда кемелеріне шабуылды бір ғана ел жасамайды. Қара және Азов теңіздерінде де сауда кемелеріне шабуылды бір ғана ел жасамайды, — деді ХКҰ басшысы.
Оның айтуынша, геосаяси қақтығыстардың түпкі себептерін жою ХКҰ мандатына кірмейді. Алайда олардың әлемдік теңіз саудасы мен кеме қатынасына әсері барған сайын айқын байқалып отыр.
Домингес делегаттарды осы зардаптар туралы өз үкіметтеріне хабарлауға және мәселені тиісті халықаралық алаңдарда көтеруге шақырды. Оның сөзінше, кеме қатынасы бұзылған кезде оның салдары теңіз саласымен ғана шектелмей, экономикаға, жеткізу тізбектеріне және адамдардың күнделікті өміріне әсер етеді.
— Сіздерді осы зардаптар туралы ақпаратты өз елдеріңіздегі тиісті органдармен бөлісуге шақырамын. Бұл мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында тиісті деңгейде қаралуы қажет. Түпкі себептерді жою және шешімдер іздеу — сіздердің астаналарыңыздағы және БҰҰ-ның тиісті органдарындағы міндет, — деп атап өтті ол.
ХКҰ хатшылығы кеме қатынасы саласына техникалық және операциялық деңгейде нақты шешімдер әзірлеуге жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді.
Жүк және контейнерлерді тасымалдау жөніндегі кіші комитетінің отырысы 14–18 қыркүйек аралығында Лондонда өтіп жатыр. Жиында қауіпті жүктерді, үйінді жүктерді және контейнерлерді теңіз арқылы тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік мәселелері талқылануда.
Бұған дейін хуситтердің мұнай мен жүк тасымалы үшін маңызды бағыттағы аралды басып алғаны хабарланған болатын.