Карим Ханға тағылған сексуалдық қысым көрсету айыптарынан кейін ол қызметінен шеттетілді. Бас прокурор бұл айыптарды бірнеше рет жоққа шығарған.
Карим Ханды қызметінен шеттету мәселесі бойынша жасырын дауыс беру БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен арнайы сессияда ұйымдастырылды. Халықаралық қылмыстық сотқа мүше 125 мемлекеттің 82-сі оны қызметінен шеттетуді қолдап дауыс берді.
Маусым айында ішкі тергеу оның қызметтік әдеп қағидаларын өрескел бұзғаны жөнінде қорытынды жасағаннан кейін Карим Хан айыптар қаралған кезеңде уақытша қызметінен шеттетілген еді. Оның өзі бұл қорытындыларды үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Карим Ханның қызметінен шеттетілуі АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Халықаралық қылмыстық сотқа қысымды күшейткен кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Карим Ханға және ХҚС-тың тағы он екі қызметкеріне қарсы санкция енгізген.
Санкциялар соттың Израильдің жоғары лауазымды шенеуніктеріне, соның ішінде премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға Газа секторындағы соғысқа байланысты қамауға алу ордерін бергеніне, сондай-ақ Ауғанстандағы оқиғаларға қатысты америкалық әскери қызметшілерге байланысты ХҚС жүргізіп жатқан тергеулерге жауап ретінде енгізілді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио өткен аптада Америка Құрама Штаттары «Халықаралық қылмыстық соттың АҚШ егемендігіне төндіріп отырған қатерін жоюға бағытталған ауқымды науқанды» бастайтынын мәлімдеді.
Рубионың айтуынша, Вашингтон мемлекеттердің ХҚС құрамынан шығуына ықпал етуге, сотпен ынтымақтасатын ұйымдарға қарсы санкциялар енгізуге, сондай-ақ сот қызметкерлерінің АҚШ-қа кіруіне тыйым салуға ниетті.
Карим Ханның қызметінен шеттетілуі бұған дейін шығарылған қамауға алу ордерлеріне бірден әсер етпейді. Олардың күшінде қалуы немесе жойылуы туралы шешімді тек Халықаралық қылмыстық соттың судьялары ғана қабылдайды.
Айта кетейік, Ұлыбритания сотталғандарды мерзімінен бұрын босату бағдарламасын уақытша тоқтатты.
Ал Оңтүстік Корея соты бұрынғы бірінші ханым ісінің үкімін кейінге қалдырды.