Халықаралық коалиция Иракқа барлық базасы мен штабтарын тапсырды

АСТАНА.KAZINFORM – Халықаралық коалиция миссиясы аяқталғаннан кейін Бағдад ел қауіпсіздігін өз күшімен қамтамасыз етуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: x.com / @CJTFOIR

АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ирак билігіне өзіне тиесілі барлық база мен штабтарды тапсырды. Ал 30 қыркүйектен кейін ел аумағында коалицияның әскери және оқу-жаттығу бөлімшелері қалмайды. Бұл туралы Ирактың Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ақпарат басқармасының басшысы Саад Маан Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Коалицияның Ирактағы әскери миссиясы «Мызғымас шешім» операциясы аясында жүргізілді. Оның қатысушылары Ирак күштеріне қарулы топпен күресте қолдау көрсетіп, кейін әскери қызметшілерді даярлап, кеңес берді. 2024 жылғы қыркүйекте Бағдад пен Вашингтон бұл миссияны 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аяқтау туралы уағдаласты.

2026 жылғы қаңтарда коалиция кеңесшілері Ирактың федералдық бөлігіндегі базалар мен командалық пункттерден, соның ішінде Айн-әл-Асад әуе базасынан шықты. Алайда Ирактың жартылай автономды Күрдістан аймағының астанасы Эрбильдегі коалиция бөлімшелері Сириядағы «Ислам мемлекеті» тобына қарсы операцияларға қолдау көрсетуді жалғастырды.

Бағдад пен Вашингтон келіскен жоспарға сәйкес, миссияның бұл кезеңі қыркүйек айының соңына дейін аяқталуға тиіс.

Миссияның аяқталуы Ирактың Күрдістан аймағындағы коалиция қызметіне де әсер етті. Коалиция төрт жылдық келісім мерзімі аяқталғаннан кейін күрд қарулы күштеріне қаржылай көмек көрсетуді тоқтатты.

Күрдістанның қарулы күштері министрлігінің бас хатшысы Бахтияр Мұхаммед Сиддик тамыз және қыркүйек айларына берілген қаржының соңғы төлем болғанын айтты. Ол Бағдадтағы федералдық үкіметті коалиция тоқтатқан қаржылай көмектің орнын толтыруға шақырды.

Бұған дейін АҚШ-тың 30 қыркүйекке дейін әскерін Ирактан толық шығаратынын хабарлаған болатынбыз.

Бұл туралы Ирак премьер-министрі Әли әз-Заиди де биыл мамыр айында Вашингтонға сапары барысында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуде мәлімдеген еді.