Халықаралық құстар күні: Алматы ботаникалық бағында құстардың 300-ге жуық түрі мекендейді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Бүгін - Халықаралық құстар күні. Алматы ботаникалық бағының мәліметінше, экологиялық мереке құстардың түрлілігі мен санын сақтау, сондай-ақ, олардың мәселелеріне назар аудару мақсатында құрылған.

Фото: Kazinform

Бас ботаникалық бақ көптеген құстардың мекені болып табылады.

«Мұнда құстардың 300-ге жуық түрін кездестіруге болады: сары шымшық, қырғауылдар, үкілер, сауысқандар, үйректер, көгершіндер, т. б. Ботаникалық бақтың бірегей микроклиматы мен экожүйесінің арқасында көптеген құстар біздің бақшамызды қыстауға, сондай-ақ, алыс сапарға ұшқан уақытта аялдама ретінде тоқтайды. Құстар ағаштар мен өсімдіктердегі зиянды жәндіктерді жою арқылы бізге үлкен пайда әкеледі. Бұл жәндіктер зиянкестерімен күресудің ең экологиялық таза әдісі», — деп жазды ботаникалық бақтың ұжымы. 

Айта кетейік, Алматы ботаникалық бағы құстардың санын көбейту үшін екі жыл қатарынан құс ұяларын жинауды бастаған, ал биылдан бастап қоректендіргіштерді жинауды бастады.

«Қамқор азаматтардың көмегімен бақтың айналасына 125 қоректендіргіштерді жинап, іліп қойдық. Сондай-ақ құстардың қыста аш қалмауы үшін азық-түлік жинадық. Біздің экологиялық бастамаларға жауап беріп, қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамыз. Бірлескен күш-жігер арқылы біз қанатты достарымызды сақтап, қорғай аламыз», — деді ботаникалық бақ ұжымы желіде.

Еске салайық, қыстан аман-есен шыққан аққулар жақында Алматы ботаникалық бағына оралған болатын