Халықаралық мұнай компанияларына қандай жаңа талаптар қойылады

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елде 100-ден аса мұнай компаниясы бар. Бірақ, қара алтынды экспорттаудың 70% үлесі «Қашаған», «Теңіз» бен «Қарашығанақ» атты 3 ірі кен орнына тиесілі. Халықаралық және жергілікті компаниялар арасындағы жер мен көктей айырмашылық ішкі нарықты қамтуға да, ел бюджетін толтыруға да тікелей кері әсерін тигізіп отыр.

Қазақстан қазір мұнай экспорты бойынша ТОП-15 елдің арасында 9-орында. Нигерия мен Норвегияның ортасында тұр, яғни мұнай саласында қандай шешім қабылданса, қадамын солай қарай басады. Мәселе – кенді игеру мен бөлудегі шикіліктің көптігінде.

Фото: Н. Жұмағұловтың жеке мұрағатынан

– Мұнай игеру төмендеп барады. 10 жылда тапшылық болуы мүмкін. Мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамту қиындай түсті. Сондықтан ондай өндіріс орындарын салу тиімсіз. Көнерген кен орындарының өнімі кеміп жатыр, - дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.

2019 жылдан бері мұнай-газ өндіру 36 млн-нан 30 млн тоннаға дейін азайды. Ал, Қызылорда облысында соңғы 10-15 жылда 5 есе төмендеген.

– Мұндай сарқылып жатқан кен орындарында өндіру ісі көбіне геологиялық қиындықпен қатар жүреді. Оның ішінде, кен орындарында жоғары сулану, жоғары тұтқырлық деңгейі байқалады. Соның барлығы мұнай-газ өндіру саласында ғылыми-технологиялық әлеуетті көтеру керектігін айқын көрсетеді.

Парламент депутаттары «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер әзірлеп, қабылдады. Соның аясында, арнайы «сарқылып жатқан» кен орындары деген түсінік енгізіліп, критерийлер бекітілді. Соған сәйкес, аталған кен орындарына жаңа келісімшарттық міндеттемелер қарастырылды. Бұл статус сарқылған кен орындарының «өмірін» ұзартып, мұнай көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Үкімет ішкі нарықты қамту үшін мұнай экспортын тежеп отыр. Тиісінше бағасы да әркелкі. Ел аумағында тоннасына 100 мың теңге болса, сыртқы тасымал қымбат, тоннасына 250 мың теңгеге сатылады.

Бензин мен дизельді отын – азық-түлік секілді күнделікті тұтынатын мұнай өнімдері. Демек, оның өндірісі, сапасы мен бағасы және бастысы ішкі нарықта тапшылық болмай, толық қамтылуы маңызды. Осы саладағы ірілі-ұсақты ойыншылар, ең алдымен ел мүддесін ойлауы тиіс.

– Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет, - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Өнімді бөлу туралы келісім «Жайық мұнай», «Доңға», «Қашаған» мен «Қарашығанақ» компанияларымен түзілген. Бұл - ірілері ғана. Қазір соңғы екі кен орнымен арбитраждық талдау жүріп жатыр. Ол ұзақ жылға созылуы мүмкін.

– «Теңіз» жобасы өнімді бөлу келісіміне кірмейді. Тек тұрақтылық келісім шартына ие. Бірақ, 2033 жылы келісім мерзімі аяқталады. «Теңізшевройл» өткен аптада «болашақ кеңейту жобасымен» мұнай игере бастады. Оны жүзеге асыруға 48 млрд АҚШ долларынан аса құйылды. Жыл сайын 40 млн тонна мұнай игеруге мүмкіндік береді. ТШО-ның кей акционерлері келісімді созғысы келеді. Осы ретте Президенттің ел мүддесі ескерілу керек дегені – мұнайды ішкі нарыққа жеткізуді меңзегені шығар. Сосын жаңа экспорттық кедендік баж салығын қосу деп ойлаймын. Қазір «Қашаған» мен «Қарашығанақ» төлемейді. Ал, «Теңіз» қарсылықпен төлеп жатыр. Мысалы, 80 доллар баж салығымен 28 млн тонна экспорттайды. Ал, келешекте 40 млн тонна болады дедік. Демек, 1 трлн теңгеге дейін ел бюджетіне салық түседі. Міне, қос тарапқа қызықты болатын осындай келісім орнауы мүмкін, - дейді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.

Аталып өтке үш ірі кен орнын сарапшылар үш китке теңейді. Сонымен елде жылда өндірілетін 90 млн тонна мұнайдың 67 млн-ын үш кит игеріп отыр. Ол да экспортқа кетеді. Сонда қалған компаниялардың өндірген 30 млн мұнайдың тек 18 млн өңдеуге жіберіледі.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

– Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге және жаңғыртуға 2 трлн теңге жұмсалды. Ал, мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн тоннадан аспайды. Елдегі ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отыр. Бірақ, жаңа айтқанымдай, олардың мұнай өндіру көлемі азайып жатыр. Оның үстіне, бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады. Оны импорт есебінен жауып келеміз. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл - нонсенс. Іс жүзінде Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді. 7 жылда елге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресейден импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді, - дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жоспарланған. Сөйтіп, өңделетін кен 6 млн-нан 12 млн тоннаға дейін артады. Оны қалай толтырамыз?

Фото: О. Байділдиновтің жеке мұрағатынан

– Үш кит ішкі нарыққа мұнай жеткізбейді. Өйткені, келісімде ол жағы көрсетілмеген. Сосын ішкі нарықта барреліне 20-25 доллар екенін түсіну керек. Әлбетте, мұндай бағамен жеткізуге құлықсыз. Тіпті, тасымал шығынын есептемегенде, әлемдік бағаны қойып берсек те, Қазақстан нарығына бұрыла қояды деп айта алмаймын. Себебі, Еуропада мұнай өңдейтін өз зауыттары бар. Сол жақта мұнай өңдеуді көбейтіп жатыр. Соған қарамастан 3 кит шикізатты экспорттағаны үшін кедендік баж салығын төлемейді. Осылайша біздің бюджет жыл сайын 5-6 млрд доллардан қағылып отыр, - деді Энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Байділдинов.

Ал, энергетика министрі мәселені зерделеп жатқанын жеткізді. Өйткені, келісім бекіткен кез бен қазіргі заман талабы мүлде ұштаспайды.

– Әлеуетті инвесторларға инвестицияларды тарту бағытында алғашқы өнімді бөлу келісім шарттары шеңберінде елеулі жеңілдіктер берілгені түсінікті. Олар айтарлықтай табыс тапты. Осыған байланысты Үкімет талаптардың толық пакетін қалыптастырады. Сол талаптардың бірі салық режимін өзгерту болуы мүмкін, - деп түйді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Министрдің айтуынша, Үкімет қолданыстағы ӨБК келісімшарттарын және оларды ұзарту шарттарын қарастыратын арнайы комиссия құрды.