Халықаралық Сот: Климатты қорғау — мемлекеттердің заңды міндеті
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ-ның Халықаралық Соты бұрын-соңды болмаған кеңес беру қорытындысын шығарып, мемлекеттер парниктік газдар шығарындыларының салдарынан климат жүйесін қорғауға халықаралық құқық бойынша міндетті екенін растады, деп хабарлайды Kazinform БҰҰ-ға сілтеме жасап.
Бұл шешім заңдық күші болмаса да, климаттың өзгеруімен күресте бетбұрыс сәт болып, қоршаған ортаға зиян келтірген елдердің заң жүзіндегі жауапкершілігіне негіз бола алады.
Шешім бірауыздан қабылданды — бұл Сот тарихында бесінші рет болып отыр. Еске сала кетсек, 2023 жылғы наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы Сотқа қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы мемлекеттердің климатты қорғау жөніндегі міндеттемелерін түсіндіруді сұрап жүгінген болатын.
Халықаралық келісімдердің талаптары
Сот БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы Негізгі конвенциясы, Киото хаттамасы және Париж келісімі сияқты халықаралық шарттарға қатысушы елдер:
• шығарындыларды азайтуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге;
• бұл салада өзара ынтымақтастық орнатуға;
• жаһандық жылынуды 1,5°C деңгейінде шектеу жөніндегі ұлттық жоспарларды әзірлеуге және орындауға;
• технологиялар трансферіне және бейімделу шараларын қаржыландыруға адал қатысуға міндетті екенін растады.
Сондай-ақ, Сот бұл келісімдерден тыс, жалпы халықаралық құқық аясында да мемлекеттер қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруді болдырмауға және салдарын азайту үшін барлық қолжетімді шараларды қабылдауға міндетті екенін атап өтті.
Сонымен қатар, теңіз ортасын қорғау, биологиялық әртүрлілік және адам құқықтарын сақтау жөніндегі басқа да шарттар шеңберіндегі міндеттемелер де климаттық халықаралық құқықтық режимнің бір бөлігі ретінде танылды.
Жауапкершілік пен заң бұзушылықтар
Егер мемлекет климаттық міндеттемелерін орындамаса, бұл халықаралық құқық бұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда Соттың қорытындысына сәйкес, мемлекет:
• заңсыз әрекеттерін тоқтатуға;
• оның қайталануына жол бермеуге;
• келтірілген залалды өтеуге — оның ішінде өтемақы төлеуге және басқа да репарациялық шаралар қабылдауға міндетті.
Сот әсіресе ең осал елдерге — шағын аралда орналасқан мемлекеттерге және болашақ ұрпаққа ерекше назар аударды. Барлық елдер тең құқықтарға ие болғанымен, осал елдердің ерекше жағдайлары бастапқы міндеттемелерді түсіндіруде ескеріледі.
Сот климаттың өзгеруі — көптеген мемлекеттердің әрекеттерінің нәтижесінде туындаған жинақталған процесс екенін мойындады. Бірақ қазіргі ғылым әр елдің жаһандық шығарындыларға қосқан үлесін — өткенде де, қазіргі кезде де — анықтауға мүмкіндік береді.
— Тек шығарындылардың болуы емес, халықаралық міндеттемелерді бұза отырып климат жүйесіне елеулі зиян келтіретін әрекет немесе әрекетсіздік құқық бұзушылық деп танылады, — деді Сот. Егер мемлекет жеке компаниялардың әрекетін тиісті түрде реттемесе, ол үшін де жауапты болуы мүмкін.
Сот мемлекеттердің климаттық міндеттемелерінің әмбебап сипатта екенін де растады — яғни халықаралық келісімдерге қатысушы кез келген ел басқа бір елден міндеттемелерді орындауды талап ете алады, тіпті өзі тікелей зардап шекпесе де.
Халықаралық қауымдастық үшін салдары
Бұл кеңес беру қорытындысы міндетті заңдық құжат болмаса да, үлкен беделге ие және сот талаптары, келіссөздер мен мемлекеттік климат саясатын қайта қарау үшін негіз бола алады.
Сот бұл шешімнің «құқықты әлеуметтік және саяси әрекеттерді бағыттайтын құралға айналдырып, жалғасып жатқан климат дағдарысын шешуге көмектеседі» деген үміт білдірді.
Бұл шешім — 96 мемлекет пен 11 халықаралық ұйым қатысқан тыңдаулар нәтижесінде қабылданып, жаһандық климаттық құқықтың жаңа кезеңін бастай алады.
БҰҰ Бас хатшысының ұстанымы
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сәрсенбі күні Халықаралық Соттың «тарихи кеңес беру қорытындысын» шығарғанын құптады.
— Сот бүкіл әлем мемлекеттері халықаралық құқық бойынша жаһандық климат жүйесін қорғауға міндетті екенін анық әрі нақты көрсетті, — делінген БҰҰ басшысының мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін климат салдарынан Тувалу тұрғындары Аустралияға жаппай көше бастағанын жазған едік.