БҚО қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған аталмыш іс-шараның мақсаты – облыс жастары арасында пікірсайыс деңгейін көтеру, шешендік өнер және көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті қалыптасқан талантты жастарды анықтау, оларды ынталандыру, өңір жастарын сыни тұрғыда жан-жақты ойлай білуге баулу, республикалық пікірсайыс турнирлеріне үздіктерді анықтап, дайындау.
Қазақ және орыс лигасына жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінен, мектеп оқушылары мен өңірдегі аудан жастарынан 27 фракция бойынша 54 спикер тіркеліп, қатысты.
Пікірсайыс турнирі «БПФ», «АПФ», «ЛД» форматтары бойынша жастар арасындағы өзекті мәселелер талқыланды. Турнирге қатысушылар «Халықаралық студенттер күні мерекесін атап өтудің тиімді механизмін ұсынады», «Мемлекет әлеуметтік желіні өз қадағалауына алғаны дұрыс», «Әлем нашақорлықпен күресте жеңілуде», «Жемқорлықпен күрес жолында әлемдік мемлекеттердің ең үздік тәжірибесін көрсетеді», «Қоғамды азартты ойындардан алыстатудың тиімді жолын ұсынады», «ҚР жастарының ұлт жандылығын арттырудың ең басты жолын көрсетеді» тақырыптары бойынша өз ойларын ортаға салып, өзіндік көзқарастары мен ұсыныстарын жеткізді.
Облыстық ашық пікірсайыс турнирінде А.Мақсотов, Е.Жалмұқан, А.Бақытжанова, Г.Сайынова, С.Бөкенбаева, З.Бозова сынды республикалық деңгейдегі пікірсайысшы жастар төрешілік қызмет атқарды.
Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша қазақ лигасынан жоғарғы спикерлік ұпай жинап, «ЛД» форматы бойынша озық нәтиже көрсеткен А.Нұрлан «Үздік спикер» аталымына ие болса, А.Мақсотов «Үздік төреші» аталымымен марапатталды. «Максимум» фракциясының спикерлері Ж.Силиханова, А.Майлишов жеңіс тұғырына көтерілсе, «Жанталас» фракциясының спикерлері А.Есболқызы, Н.Кәрім екінші, «14» фракциясының спикерлері Д.Талапова, А.Ширмедин үшінші орынды иеленді.
Орыс лигасы бойынша Д.Кемешов «Үздік спикер», Н.Бауыржан «Үздік төреші» аталымына лайық деп танылды. Орыс лигасы бойынша «До нашей эры» фракциясының ойыншылары Д.Кемешов, М.Жанболатова турнир жеңімпазы атанса, «Оян, қазақ» фракциясының спикерлері Б.Кенжебаев, М.Аманғалиев екінші, «Элита» фракциясының пікірсайысшылары С.Аталықов, Д,Бейсов үшінші сатыдан көрінді.
Турнирдің барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, арнайы аталым иегерлеріне бағалы сыйлықтар мен арнайы кубоктар, төрешілерге естелік сыйлықтар табысталды.