ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын талқылауға арналды.
Кездесу барысында тараптар су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ аталған бастаманы ілгерілету шеңберіндегі өзара іс-қимылдың келешегін қарастырды.
Халықаралық су ұйымын құру мемлекеттер, халықаралық құрылымдар және бейінді институттар арасындағы тиімді үйлестіруді дамытуға, су саласындағы өзекті сын-қатерлерді бірлесіп шешуге, су ресурстарын орнықты басқаруды қамтамасыз етуге және озық тәжірибе алмасуға ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесуге қатысушылар климаттың өзгеруі жағдайында су күн тәртібінің өсіп келе жатқан маңыздылығын, су ресурстарын тұтынудың өсуін және оларды ұтымды пайдаланудың келісілген тәсілдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Оңтүстік Африка Су ресурстары және санитария министрлігі Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Тшепанг Малакване әртүрлі секторлық бастамалардан жаһандық су күн тәртібін іске асыруда неғұрлым үйлестірілген тәсілге көшу қажеттігін мәлімдеді, сондай-ақ қазақстандық бастаманы одан әрі зерделеуге және талқылауға мүдделілігін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар консультацияларды жалғастыруға және осы мәселе бойынша халықаралық алаңдарда өзара іс-қимылды қолдауға келісті.
Осыған дейін су тапшылығы проблемасы Орталық Азия елдерін біріктіретін құралға айналып жатқаны туралы жаздық.