Халықаралық табиғатты қорғау одағы Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға ниетті

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкенттегі Green University базасында Халықаралық табиғатты қорғау одағының Орталық Азия бойынша кеңсесі ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Аталған одақтың Ташкенттегі өкілдігі Орталық Азияның 5 мемлекетіне тән экологиялық мәселелерді зерделеумен айналысады. Тиісінше, олардың салдарын жою және алдын алу бойынша ел үкіметтеріне ұсыныс әзірлеп, бастамаларға қолдау көрсетпек.

- Табиғатты қорғау халықаралық одағының кеңсесі Өзбекстанмен қатар аймақтағы барлық 5 мемлекеттің экологиялық жобаларына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар бұл ғалымдар мен зерттеушілерге тәжірибе алмасатын алаң болмақ, - деді Өзбекстанның Экология министрі Азиз Абдухакимов.

Табиғатты қорғау халықаралық одағы Орталық Азия аймағында бірнеше жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, ұйым «Blue Peace Central Asia 2.0» бағдарламасы аясында өңірдегі су дипломатиясын дамытуға және трансшекаралық бассейндердің экологиялық ахуалын жақсартуға күш салмақ.

Еске салайық, бірнеше жыл бұрын Халықаралық табиғатты қорғау одағы Қазақстанда қарақұйрықтарды сақтап қалуға бағытталған бірегей жобаны жүзеге асырып бастады.