Халықаралық туризм университеті дуалды білім беру жүйесіне көшеді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Халықаралық туризм және меймандостық университеті дуалды білім беру жүйесіне көшпек. Бұл туралы аталған университет ректоры Әлібек Шоқпаров мәлім етті.

Фото: Халықаралық туризм және меймандостық университеті

«Түлектер құзыреттілігінің болмауы мәселесінің бірден-бір дұрыс шешімі - оқу процесін тәжірибеге бағдарлау. Сондықтан 2024 жылдан бастап еліміздегі Халықаралық туризм және меймандостық университеті 50%-де 50%-ға дуалды білім беру жүйесіне көшуді жоспарлап отыр», - деді Әлібек Шоқпаров елордада өткен Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның айтуынша, туризм саласындағы еңбек нарығында мамандарды академиялық дәрежесіне емес, дағдысына қарай іріктеу тәсілі қолданылады.

«Сондай-ақ, сала мамандарын қайта даярлау мәселесі өткір тұр. Заманауи жоғары білім беру жүйесіндегі негізгі білім беру инновациясы – мамандарды қысқа мерзімде даярлау немесе қайта даярлау. Бұл еңбек нарығын қажетті әрі құзыреті бар мамандармен қамтамасыз етуге және қолда бар еңбек ресурстардың біліктілігін қайта арттыруға мүмкіндік береді», - дейді ЖОО басшысы.

Университет басшысы келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 42 жоғары оқу орны жыл сайын 1500-ден астам туризм саласы кадрларын даярлап шығарады. Десе де түлектердің өсу қарқынына қарамастан, туризм индустриясы секторы үшін қажетті дағдылары бар мамандарға тапшылық бар.