Халықаралық турнир: «Қайрат» алғашқы жеңісіне жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Алматылық «Қайрат» футбол командасы РПЛ Қысқы кубогындағы екінші кездесуін Ресейдің «Ростов» командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында командалар бір-бірінің қақпасынан жылдам гол салуға тырысты.
Ойынның 30-минутында алматылық клубтан Жоао Паоло есеп ашса, Георгий Зария 61-минутта есепті үстемелей түсті.
Ойынның нүктесін 95-минутта «Ростов» шабуылшысы Николай Комличенко қойды.
Осылайша, «Қайрат» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнирдегі алғашқы жеңісін тойлады.
Енді алматылық клуб 14 ақпанда Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) командасымен кездеседі.
Алғашқы ойында алматылық клуб БАӘ-нің «Шабаб Аль-Ахли» командасына 0:2 есебімен жол берген болатын.
Қазір турнир кестесінде үш ойыннан кейін алты ұпай жинаған «Ростов» көш бастап тұр.
Ал «Спартак» екі ойыннан үш ұпайды еншісіне байлап, екінші орында келеді. Одан кейінгі орындардағы «Шабаб Аль-Ахли» мен «Қайрат» та үш ұпайды қоржынға салған.
Төрт команда топтық кезеңде бір-бірімен кездеседі. Топта бірінші орын алған ұжым турнирдің жеңімпазы атағына ие болады.