Халықаралық ұйымдар Азиядағы ынтымақтастықты тереңдету бағытын қолдады

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Хатшылығы ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті. Оған БҰҰ жүйесінің атқарушы құрылымдары мен Азиядағы жетекші өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Іс-шара АӨСШК-нің 20 жылдығына арналған бағдарламаның бір бөлігі болып, қатысушылардың көпжақты ынтымақтастық пен өңірлік күн тәртібін дамытуға бейілдігін тағы бір мәрте растады.

Кездесуге БҰҰ құрылымдары, атап айтқанда Орталық Азия үшін БҰҰ-ның Превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы, Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы қатысты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Өңірлік ұйымдар тарапынан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), оның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) өкілдері қатысты. Бақылаушы ретінде Араб мемлекеттері лигасы, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА), Азиядағы ынтымақтастық диалогы (АЫД), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі және Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) қатысты.

Сондай-ақ пікірталасқа Үндістан мен Қазақстанның сараптамалық орталықтарының өкілдері және АӨСШК-нің бұрынғы басшылары қосылды.

АӨСШК Бас хатшысы, елші Қайрат Сарыбай қазіргі халықаралық ахуалдың күрделене түскенін атап өтіп, климаттық тәуекелдерден бастап жеткізу тізбектеріндегі іркілістерге дейінгі трансұлттық сын-қатерлер көпжақты үйлестіруді күшейтуді талап ететінін айтты. Оның сөзінше, мұндай мәселелерді бірде-бір мемлекет немесе ұйым жеке-дара шеше алмайды.

Кездесуде атқарушы құрылымдардың рөліне ерекше назар аударылды. Олар саяси мәлімдемелерді нақты нәтижелерге айналдыруды қамтамасыз етуі тиіс екені айтылды. АӨСШК серіктес ұйымдармен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Бірінші сессия барысында қатысушылар өсіп келе жатқан жаһандық белгісіздік жағдайында халықаралық ынтымақтастық тетіктерін жаңғырту қажеттігін талқылады. АӨСШК Азиядағы қауіпсіздіктің инклюзивті архитектурасын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды алаң ретінде аталды. Сонымен қатар көлік, цифрлық және энергетикалық байланыстарды мониторингтеуге арналған өңірлік обсерватория құру ұсынысы көтерілді.

Екінші сессия БҰҰ мен өңірлік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Қатысушылар қақтығыстардың алдын алу үшін күш-жігерді үйлестірудің маңызын атап өтіп, тұрақты бейбітшілік ең алдымен өңірлік деңгейде қалыптасатынын айтты. Сенім шараларының қатарында көші-қон үдерістерін басқарудағы ашықтық пен жаһандық мандаттарды іске асыру тиімділігін арттыру қажеттігі ерекше аталды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Үшінші сессия атқарушы құрылымдардың ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне арналды. Онда тұрақты диалог пен әріптестіктің икемді форматтарының маңызы айтылып, әр ұйымның өзіндік ерекшелігі мен рөлін сақтау қажеттігі аталып өтті.

Қатысушылар парламенттік дипломатияны дамыту, заңнамаларды үйлестіру, стратегиялық жоспарлауды жетілдіру, сондай-ақ цифрлық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуді басым бағыт ретінде белгіледі.

Жиын қорытындысы бойынша халықаралық және өңірлік ұйымдардың бір-біріне бәсекелес емес, серіктес екені аталып өтті. Тараптар тұрақтылықты нығайту және 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін тұрақты диалог жүргізудің маңыздылығын растады.

Еске сала кетейік, мәжіліс АӨСШК тиімділігін жақсартуға арналған құжатты қабылдаған еді.