Халықаралық жүк тасымалы бланкілері отандық көлік компаниялары арасында тиімді бөліне ме

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев халықаралық жүк тасымалына рұқсат беретін бланкілерді отандық көлік компаниялары арасында тиімді бөлу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов вице-министрден: «Халықаралық жүк тасымалына рұқсат беретін бланкілерді отандық көлік компаниялары арасында тиімді бөлу үшін қандай шаралар қабылдануда?», - деп сұраған еді.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде министрлік рұқсат қағаздарын берудің жаңа жүйесін енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр.

«Биылдан бастап Қытай елімен кіру құжаттарын Қытайда, шекарада нақты тарату тәсілі енгізілді. Ол өзінің нәтижесін көрсетті. Егер алдыңғы жылдары еліміз Қытаймен 50 мыңға жуық рұқсат алмасқан болса, биылдың өзінде 110 мыңға дейін артты. Енді осы тәжірибені Өзбекстанмен шекарада да енгізу жоспарланып отыр. Басқа елдермен құжаттарды автоматты түрде енгізу жұмысы жалғасуда. Оны Шекара қызметінің «Бүркіт» жүйесі арқылы онлайн бақылау мәселесі пысықталуда. Осы шаралардың бәрі рұқсат қағаздарды тасымалдаушыларға нақты қажет болғанда беруге мүмкіндік жасайды және ашықтығын қамтамасыз етеді», - деді Сәтжан Аблалиев.