Халыққа қызмет көрсететін автобустардың 25 пайызы әбден тозған
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 10 500 автобус халыққа қызмет көрсетеді. Оның 25 пайызының тозығы жеткен. Бұл туралы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Селім Қуанышұлы айтты.
— Қазіргі күні елімізде 10 500 автобус халыққа қызмет көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша оның тозығы жеткені — 25 пайыз. Осыдан 4 жыл бұрын бұл көрсеткіші 45 пайыз болған. Жылдан жылға жаңарту жүргізіліп жатыр. Үкіметтен жергілікті атқарушы органдарға тиісті қаражат бөлініп, жеңілдетілген лизингпен автобустар сатып алынады. Тасымалдаушылар автобустардың жартысын Үкімет көмегімен, жартысын тасымалдан тапқан пайдасы арқылы сатып алып жатыр. Мұнан бөлек, жергілікті атқарушы органдар әрбір әлеуметтік маңызы бар тасымалға бюджеттен субсидия бөледі. Бұл жылдан жылға ұлғайып келеді. Соның арқасында автобустар жаңартылып отыр, — деді ол Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол ескі автобустар жолаушылар тасымалына шығар алдында арнайы тексеруден өтетін айтты.
— Біріншіден, Жолаушыларды тасымалдайтын автобустар жылына 2 рет техникалық байқаудан өтеді. Өтпеген жағдайда жолаушылар тасымалдау қызметіне жіберілмейді. Екіншіден, кез келген автобус бағдарға шығатын күні, яғни күн сайын автопаркте жеңілдетілген техникалық байқаудан өткізіледі. Қауіпсіздікке қатысты мәселенің бәрі қарастырылған, — деді Селім Қуанышұлы.
Бұған дейін Алматыда тағы 166 ескі автобус аукционға шығарылғанын жазған едік.