Халықпен кездесу гибдридті форматта өтеді – Ерболат Досаев

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев елордадағы есептік кездесуінде БАҚ өкілдеріне ауқымды сұхбат беретінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ortcom.kz

Ол сондай-ақ халықпен кездесу өткізу форматы өзгеретінін атап өтті. 

«Мен халықпен кездесуді тоқтатқан емеспін, тоқсан сайын кездесіп тұруым керек. Мұнда жай ғана формат өзгерді. Осы жылдың төртінші тоқсанында мен аудандарға шыға бастадым. Барлық сегіз ауданды аралап шықтым. Проблемалық учаскелерде болдық, халықпен кездесулер жергілікті жерлерде өтті. Сондықтан енді гибридті схема болады. Бірінші тоқсанда дәстүрлі форматтағы кездесулер болады, барлық тұрғынды шақырамын, сұрақ-жауап форматында өрбиді. Кейінірек жергілікті аудандарға шыға бастаймыз. Бұл схема тұрғындарға қажетті шешімдер қабылдай алатын кезде ыңғайлы болады. Жалпы биыл 8 аудан бойынша 32 кездесу өткізілді», - деді Е. Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде. 

Сонымен бірге Алматы әкімі журналистерге жан-жақты сұхбат беруді жоспарлап отырғанын да тілге тиек етті. 

«Шынымды айтсам, әкім болып жұмыс істегелі расында да сұхбат берген жоқпын. Себебі қазіргі жұмысым және журналистермен, халықпен қарым-қатынас жасау мүмкіндігі қала әкімі ретінде назарда болуыма мүмкіндік береді деп санаймын. Келесі жылдың басында «Алматы ТВ» өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Мен де алдын-ала қорытындылар бойынша емес, нақты көрсеткіштер анықталғанда алғашқы сұхбат беруге ниеттімін. Әрі қарай көре жатармыз. Баспасөз қызметінде сұхбатқа тілек білдірушілер тізімі бар. Біз ешкімді ренжітпей-ақ бәрімен сұхбаттасуға мүмкіндік аламыз», - деді Ерболат Досаев тілшілер сұрағына берген жауабында.