Халықты төтенше жағдайдан дер кезінде қорғамағандарға қандай жаза қолданылады

АСТАНА. KAZINFORM – Халықты төтенше жағдайлардан қорғау бағытындағы іс-шараларды орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қабылданады. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрліктің қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылып, оған бақылау функциялары берілді. Енді халықты төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шаралардың орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қабылданатын болады», - деді ол.

Шыңғыс Әрінов мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мүлікті төтенше жағдайлардан сақтандыру механизмі пысықталып жатқанын айтты.

«Өңірлерде қорғаныш бөгеттері мен дуалдарын тұрғызу және оларды нығайту сияқты алдын алу іс-шаралары жүргізілуде. Өзендердің қауіпті учаскелерінде су түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары іске асырылуда», - деді министр.