Облыстық прокуратура бос жұмыс орындарын бөлу және оларды ақпараттық порталда жариялауға қатысты заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізу барысында жұмыс берушілердің талап бұзған бірнеше жағдайын анықтады.
Соңғы 2 жыл ішіндегі тексерулер мен талдаулардың нәтижесі бойынша мұнай-газ саласының көптеген компанияларында бос жұмыс орындары туралы деректі хабарламаудың мыңнан астам оқиғасы белгілі болып отыр.
«Прокуратура органдары осы деректер бойынша „немқұрайлы жұмыс берушілерді“ әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қадағалау актілерін енгізді. Әкімшілік бұзушылықтар туралы Кодекстің 98-бабына сәйкес бос жұмыс орындарының болуы туралы мәліметтерді халықты жұмыспен қамту орталығына жібермеу, уақытында жолдамау әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, жұмыс берушілер еңбек шарттары туралы мәліметтерді бірыңғай есепке алу жүйесіне енгізу жөніндегі міндеттерді толық көлемде орындамайды», — деді облыстық прокуратура өкілдері.
Осы орайда өңір прокуратурасы барлық жұмыс берушілерді меншік нысанына қарамастан заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауға және азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге шақырып отыр.