Халықтық құрылыс – келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет

АСТАНА. KAZINFORM – «Халықтық құрылыс» барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

- «Халықтық құрылыс» деген атауында тұрғандай, бұл жоба халықтың игілігін көздейді, барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады. Бұл – шын мәнінде келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет. Құбылмалы әрі тұрақсыз әлемнің күрделі сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз – «Құрылыс және тағы да құрылыс!», - деді Мемлекет басшысы.

Президент геосаяси және экономикалық ахуал бұлыңғыр жағдайда мемлекетіміздің, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің анағұрлым дұрыс, қисынды жолы осы екеніне сенімді екенін баста айтты.

- Осы мазмұны терең бағдарлама аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынады. Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілгеніне тоқталды.

- Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды. Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек, - деді Президент.