«Халықтық құрылыс» нысандары халыққа ұзақ жыл қызмет етуі керек – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – «Халықтық құрылыс» бағдарламасының нәтижесін тек салынған мектептер мен ауруханалардың санымен емес, олардың халыққа қолжетімділігімен және ұзақ жыл сапалы қызмет етуімен бағалау қажет.

Фото: Сатыбалды Даулеталиннің жеке мұрағатынан

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Мемлекеттік комиссияның жұмысы, қоғамдық бақылау және бастаманы жүзеге асырудағы кәсіподақтардың рөлі туралы пікір білдірді.

Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы терең әлеуметтік мәнге ие. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты – елдің экономикалық дамуынан түскен игілікті әр азаматтың күнделікті өмірінде сезіндіру.

Оның айтуынша, бастаманың нәтижесін игерілген қаржы көлемімен немесе салынған нысандардың санымен ғана өлшеуге болмайды. Ең бастысы – халықтың өмір сапасының жақсаруы.

– 2027 жылдың өзінде азаматтар бұл өзгерістерді қалалары мен ауылдарынан көруі керек. Жаңа мектептер, медициналық мекемелер, спорт және мәдениет нысандары, заманауи инфрақұрылым мен абаттандырылған қоғамдық орындар бой көтеруге тиіс. Алайда нысанды салып қана қою жеткіліксіз. Оның толыққанды жұмыс істеуін, халыққа қолжетімді болуын және онда еңбек ететін адамдарға лайықты жағдай жасалуын да қамтамасыз ету қажет, – деді ол.

Сонымен қатар кәсіподақ басшысы «Халықтық құрылыс» бастамасы қоғамда ортақ іске жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Осы орайда кәсіподақтар Мемлекет басшысының бастамасына өз үлесі ретінде «Жасадың ба – сақта» қоғамдық бастамасын дамытуды ұсынып отыр. Бұл идея «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысының құндылықтарымен үндеседі.

– Жасампаздық мәдениетімен қатар, жасалған дүниені сақтай білу мәдениетін де қалыптастыруымыз керек. Әр мектептің, аурухананың, жолдың немесе абаттандырылған ауланың артында адам еңбегі тұр. Сондықтан салынған нысандарға ұқыпты қарау – ең алдымен еңбек адамына деген құрмет, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, әр азамат өзін қоғамдық игіліктерді пайдаланушы ғана емес, оларды жасауға және сақтауға жауапты ортақ іске қатысушы ретінде сезінуі керек. Қоғамның осындай белсенді ұстанымы «Халықтық құрылыс» бастамасының бүкілхалықтық сипат алуына ықпал етеді.

Сондай-ақ кәсіподақтар федерациясының төрағасы Мемлекеттік комиссияның жұмысы қаншалықты тиімді болатыны және нақты бақылау қалай жүргізілуі керектігі туралы пікір білдірді.

– Мемлекеттік органдардың, депутаттардың, қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының кеңінен қатысуымен Мемлекеттік комиссия құру – ашықтық пен қоғамдық сенімді қамтамасыз ететін маңызды тетік. Оның жұмысының нәтижелі болуы қабылданатын шешімдердің ашықтығына, бақылау сапасына, анықталған кемшіліктердің уақытылы жойылуына және түпкі нәтижеге жауапты адамдардың нақты жауапкершілігіне байланысты, – деді ол.

Бұдан бөлек, Сатыбалды Дәулеталин жобаларды бағалағанда қаржылық және техникалық көрсеткіштермен шектелмей, әлеуметтік талаптарды да ескеру қажет деп санайды.

Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етудің, жұмысшылардың құқықтарын сақтаудың, еңбекақыны әділ төлеудің және жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырудың үлгісі болуға тиіс.

Федерация бұл іске еңбек ұжымдарын, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды жұмылдыру арқылы үлес қосуға дайын.

– «Жасадың ба – сақта» бастамасы аясында нысандар пайдалануға берілгеннен кейін де қоғамның қатысуын қамтамасыз ету маңызды деп санаймын. Өйткені салынған нысанның құндылығы оның ашылған кездегі сапасымен ғана емес, халыққа қанша уақыт қызмет ететінімен де өлшенеді, – деді федерация төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Қазақстанның Халық кеңесіне қатысу қоғамдық институттардың күш біріктіруіне және азаматтарды ауқымды бастамаға кеңінен тартуға мүмкіндік береді.

– «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымды дамытудың құралы ғана емес, азаматтық жауапкершілікті, еңбекке құрметпен қарауды және ортақ игілікті сақтауды үйрететін мектепке айнала алады деп сенемін. Жасампаздық пен жасалған дүниені сақтау жауапты қоғам мәдениетінің ажырамас екі бөлігі болуы керек, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті.