Депутаттың айтуынша, бастама халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, өңірлердегі инфрақұрылым мәселелерін шешуге бағытталған. Осы мақсатта ауыз сумен қамту, кәріз жүйесін дамыту, жолдарды жөндеу, ауылдарды газбен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесі салынбақ.
Жобаларды іске асыру үшін жыл соңына дейін мемлекеттік комиссия құрылып, ауыл-аймақтағы өзекті мәселелердің тізімі жасақталады. Бұл жұмысқа өңірлерден сайланған депутаттар да қатысып, жергілікті қажеттіліктерді ескеруге атсалысады. Олжас Құспековтің сөзінше, негізгі мәселелерді 2029–2030 жылдарға дейін шешу көзделіп отыр.
– Бастаманың нәтижелі жүзеге асуы үшін өңірлерден сайланған депутаттар, облыс әкімдіктері мен құрылыс компаниялары бірлесіп жұмыс істеуі керек, – деді ол.
Осы ретте депутат жергілікті құрылыс компанияларын жобаларға тарту маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл өңірлік кәсіпорындардың тәжірибе жинақтап, болашақта өз бетінше инвестиция салуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге құрылыс сапасын бақылау, мердігерлердің жауапкершілігін арттыру және қысқа мерзімге ғана құрылып, кейін жұмысын тоқтататын компанияларға жол бермеу қажет. Ол үшін лицензия беру мен құрылыс жұмыстарын қадағалау жүйесін жетілдіру маңызды.
– Әр құрылыстың өз мерзімі бар. Бір жылдан кейін халықпен кездесіп, елді аралаймыз. Тоқтап қалған немесе мәселесі бар нысандардың жағдайын тексереміз. Ең бастысы, бұл бастама уақытша, пайда табатын науқанға айналмай, халықтың игілігіне қызмет етуі керек, – деді Олжас Құспеков.
Айта кетейік, Үкімет Президент Жолдауын іске асыру шараларын қарастырады.