«Халықтық құрылыс» жобасында цифрлық теңге қолданылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк «Халықтық құрылыс» бастамасы аясындағы кейбір жобаларда цифрлық теңгені пайдалануға дайын. Алайда бұл үшін салалық мемлекеттік органдардың да тиісті цифрлық инфрақұрылымы болуы қажет. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Оның сөзінше, цифрлық теңгені жекелеген жобаларда пайдалану мүмкіндігі қарастырылып отыр, бірақ бұл бастаманы жүзеге асыру тек Ұлттық банктің ғана дайындығына байланысты емес.

— Біз цифрлық теңгені «Халықтық құрылыс» аясында пайдалануға ұсынуға дайынбыз. Кейбір жобалар цифрлық теңгемен жүзеге асырылуы мүмкін. Бірақ бұл екіжақты процесс. Мұнда салалық мемлекеттік органдардың да дайындығы қажет, — деді Ақылжан Баймағамбетов.

Оның айтуынша, цифрлық теңгенің мүмкіндігін толық пайдалану үшін тек төлем жүйесін цифрландыру жеткіліксіз. Жобаларды іске асыратын салалық платформалар мен тиісті инфрақұрылым да дайын болуы керек.

Айта кетейік, бұған дейін, жолдауда Президент үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынған еді.