Халықтың қолдауы қатты сезілді – Көкпаршылар капитанымен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Көкпарда соңғы минуттарда тарихи жеңіс сыйлаған құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек ойын туралы өз пікірін айтты.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

«Финалдық ойын өте тартысты өтті. Екі таймда 40 минут бойы тоқтамай шаптық. Соңғы секундта қолымызға серке тигенде басқаша сезім болды. Оны әрі қарай жүзеге асырмасам – маған сын болар еді. Өздеріңіз көргендей, қосымша 10 минутта «алтын салым» салып, командаға жеңіс әкелдім. Негізі 4-ші дүнижүзілік көшпенділер ойынында да дәл осылай алтын салым салған едім. Ойын барысы өте қызық болды. Қырғыз бауырларымызға жақсы қарсылас болғаны көп рақмет айтамын. Еліміздің, жеріміздің, халқымыздың қолдауы қатты сезілді. Бәрі Қырғызстан мен Қазақстанның есебі 3-1 болғанда қатты қорықтық деп жатыр, оған біз дайын болдық. Қандай жағдай болса да жеңісті жұлып аламыз дедік, сол мақсатымызға жеттік, - дейді Құрманбек Тұрғанбек агенттік тілшісіне берген сұхбатында. 

Құрама капитаны 1997 жылы Жамбыл облысында туған. Ол бала күнінен атқа мініп өскенін айтты. 

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

«Әкем жағынан да, анам жағынан да көкпар шапқан туыстарым бар. Олар әлі күнге дейін аттан түскен жоқ, тіпті ұлттық құрамаға да енген. Бұл енді қазақтың бойында бар нәрсе деп ойлаймын, қандағы нәрсе шықпай қоймайды. Кейін ұрпақтарымыз да көкпар шапса, қуанамыз», - дейді спикер. 

Көкпарда бірінші таймда серкеге талас кезінде екі елдің көкпаршылары қақтығысып, ойын уақытша тоқтаған болатын.

«Қырғыз бауырларымыз жеңіп тұрған сәтте қатты эмоцияға беріліп кетті ғой деймін. Біздің палуанға балағат сөз айтыпты. Сол себепті Ұлан ағамыз ашуға бой алдырды. Ойын тәртібін бұзған қырғыз ойыншысы өз жазасын алды. Ал біздің тарапымыздан анау айтқандай ештеңе болған жоқ», - деді Қ. Тұрғанбек. 

Бұған дейін Kazinform агенттігі жеңімпаз болған қазақ көкпаршылары қанша сыйақы алатынын хабарлаған еді.

«Бұл жерде ақша үшін емес, намыс үшін ойнадық. Еліміздің намысын қорғап, көк Туды желбірету үшін осыншама уақыт жұмсадық, төрт ай дайындықта жаттық. Қазақ спортына пайдамызды тигізсек, сол біз үшін ең жоғарғы баға деп білеміз», - дейді көкпаршы. 

Естеріңізге сала кетейік, Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын жеңді