Айта кетерлігі, Сенаттың жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сонымен бірге, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдар талқыланған еді.
Мәулен Әшімбаевтің атап өтуінше, бұл заң заемшылардың және кейбір кредиторлардың жауапсыз іс-әрекеттерін ынталандыру ретінде қабылданбауы тиіс. Яғни, бұл адамдарды мұнан ары да кредит алуға және оны қайтармай, кейін есептен шығаруға ынталадыру дегенді білдірмейді.
«Біз бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырғанымыз жоқ. Соңғы деректерді қарадық. Осы жылдың 10 айында халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша мерзімі өткен берешектері 18 пайызға жуық артқан. Жыл басында ғана бұл жайында айтқан сияқты едік. Бірақ, соған қарамастан мерзімі өткен берешек, жалпы халықтың кредит алуы артып келеді. Жыл сайын халықтың займ сомасы, ең алдымен тұтынушылық кредит 30 пайызға артады. Яғни, біз қандай тенденцияны көріп отырмыз? Тұтынушылық кредит те, қайтарылмайтын кредит бөлігі де өсіп барады. Қазір қабылдаған нормалар арқылы есептен шығаруға және біреулерге көмек көрсетуге тырысамыз. Бірақ, бұл мемлекет мұндай белсенділікті үнемі қолдайды және кредиттің қайтарылмауын ынталандыр деп қабылданбауы тиіс», - деді Сенат спикері.