Халқым деп соққан жүрек... - ҚР халық әртісі Г.Ғалиеваның туғанына 95 жыл

АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат /Алтын Иманбаева/ - Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының өркендеуіне атсалысқан өнер иесі Гүлжиһан Ғалиеваның туғанына биыл 95 жыл толып отыр.

Жылдар өткен сайын тұлғасы сомдалып, артына қалдырған мұраларының бағасы артып, бейнесі асылға айналған біртуар дарын иелері болады.

Кеше ғана ортамызды ойсыратып, жүрегімізге өкініш ұялатқан саф алтындай таза өнердің иесі, қазақ халқының өнері мен мәдениетінің өркендеуіне атсалысып, нәтижелі еңбектің үлгісін көрсеткен Қазақстанның халық әртісі, көркемсөз өнерінің  шебері Гүлжиһан Ғалиқызы Ғалиеваны қалайша еске алып, рухын шаттандармасқа?!

Текті атаның асыл перзенті  өзі жүріп өткен өнер жолында ізгілік пен мейірбандықтың гүлін екпеді ме?

Ел аралап өнердің інжу-маржанын термеді ме?

Республикалық эстрада-цирк студиясы мен «Гүлдер» ән-би ансамблін, «Қазақциркін» ашпады ма?!

Қазіргі өнер майталмандарының жолын ашып, жүрегіне сәулелі дүниенің шырағын жағып, тура жол сілтеп, ақ жол тілемеді ме?

Енді, міне,  көзден кеткен соң, көңілден кетіп, жылдар белесінің көмескі қалтарысында аты аталмай, еңбегі еленбей жатқаны...

Жетісу өңіріндегі Сарытауқұм елінің асқан бай, би-болысы, аса дәулетті Қали Ордабайұлының есімін біреу білсе, біреу білмес. Ол Қазақстанның халық әртісі  Гүлжиһан Ғалиқызының әкесі еді. Бойы екі жарым метрден асатын батыр тұлғалы аса жомарт, қысылғанға қолұшын беретін мейірімді жан басына біткен байлықтың өзіне сор боларын бір кезде білді ме?!..

Бес жүз  мыңнан астам қойы, оның сыртында түйе, жылқы, ірі қараның санының есебі жоқ Қали атамыз саяси құрбандар қатарында жер айдалып, отбасы ойрандалды. Ұлы Рамазан Ордабаев өз кезінде Орман шаруашылығы министрі, кейін Нарынқол ауданының басшысы болып қызмет етіп жүрген кезінде ұсталып айдауға жіберілді. Ол кезде Гүлжиһан Ленинградтағы заң институтында оқып жүрген.  Әкесі мен ағасы халық жауы деген лақап атқа ие болған соң, Гүлжиһанды оқудан шығарып жібереді. Тұманды суық қалада қаршадай қыз далада қалғанмен ұстаздары көмектесіп «Мәскеуге Қазақстан елшілігіне бар» деп кеңес беріп, поезға отырғызып жібереді. Оның сол кездегі елшіміз Тұрар Рысқұловқа кездескені жайлы Гүлжиһан Ғалиқызының немере інісі Майдан Мырзахметұлы былай дейді:

«Тұрар Рысқұловқа кездесудің өзі бір хикая. Гүлжиһан қабылдауға жүз жетпіс сегізінші адам болып тіркеліпті ғой, содан әйтеуір  бір кезде елші  шығып қызды шырамытса керек, кезексіз бөлмесіне алып кіреді. Қарны аш қызға шай беріп отырып әңгімелеседі. Сөйтіп:  «Сен енді Гүлжаһан Ордабаева емес, Гүлжиһан Ғалиева боласың, - деп құжатын өзгертіп береді. -Қалқам, сен мені танымаған шығарсың, мен сенің ағаңның досы Тұрар Рысқұловпын ғой», - дегенде қыз бас салып еңіреп жылап, көрмеген қорлығын айтып мұңын шағады.   - Ағам мен әкемді ұстап әкеткен соң осындай халге түстім, - деп өксігін баса алмай ұзақ жылайды. Содан Тұрар Рысқұлов оны Мәскеудегі өнер институтының жанынан ашылған екі жылдық студияға оқуға түсіреді. Бұл оқуды бітірген соң  Гүлжиһан   аз уақыт  Ташкентте тұрып, кейін  елге оралады.

Қазақтан шыққан тұңғыш режиссер әйел Дариға Тіналина бір естелігінде: «Гүлжиһан Ғалиқызы алғаш қазақ драма театрына келгенде көздің жауын алатын әдемі қара көйлегі, қолында жалтылдаған гауһар тасты жүзігі  бар, орта  бойлы сұлу да мәдениетті ханымның бой-бітіміне, эстетикалық талғамына қарап ерекше әсер алған едік, - деп еске алады.

Қазақ драма театрына қызметке тұрған ол қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітова, би падишасы Шара Жиенқұловалардың да жеке концертін жүргізіп,  ел аралап өнер көрсетеді.  Әндей қалықтаған әуезді үні бар, екі тілде жетік білетін сөзге шешен, сұлу да сымбатты ГүлжиҺан Ғалиқызы 1938-41 жылдары  Қазақ драма театрында, 1941-46 жылдары актриса ретінде Орталық біріккен киностудияда,  1946-65 жылдары Қазақтың  Жамбыл атындағы филармониясында конференсье болып, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев сынды ақын-жазушылардың шығармаларын шебер орындап, насихаттай білді. Сондай-ақ Қазақ радиосының балаларға арналған  бағдарламасында да ертегі оқып,  кішкене бүлдіршіндердің жүрегіне жол тапты.

Гүлжиһан Ғалиқызы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен сыйлас болды. Гүлжиһанның әкесі Қали, Дінмұхамед Ахметұлының әкесі Ахмет, Шара Жиенқұлованың әкесі Баймолда Жетісу өңірінің көпестері болғандықтан, ертеден сауда-саттық жөнінде байланыста болса, бертін ол кісілердің балалары да бір-бірімен сыйлас жандар бола білді.

ГүлжиҺан Ғалиқызы Димаш Ахметұлымен ақылдасып, 1965 жылы сол кісінің қолдауымен Республикалық эстрада-цирк студиясын ашты. Қаржы жағын Мәскеуге барып қаржы министрі арқылы шешті. Жер-жерден өнерлі жастарды ертіп әкеліп, студияға оқуға түсірді,. Сол кездегі Атырау өңірінен іріктелген дарынды жастардың ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Күлшара Есетова да бар еді. Ол өз ұстазын былайша еске алады:

«ГүлжиҺан апай туралы көп нәрсе айтуға болады. Қазақтың ана тілі қағажу қалып жатқан кезде көркемсөз өнерін насихаттау үшін арнайы мектеп ашқан да Гүлжиһан апамыз еді. Ол кісінің өнерге деген жанашырлығы  ерекше еді. Әнші Биғали Әбдірахманов, биші Гүлжан Талпақова үшеумізді топ ішінен таңдаған апамыз көреген еді-ау. Мен алғаш Гүлжиһан апайды көргенде толықша келген әйелдің мейірімді жүзі, толқынданған бұйра шашы ерекше әсер қалдырды. Орысшаға да, қазақшаға да бірдей ол аса қамқор жан еді. Бізді сол кездегі Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаевтың алдына апарып  концерт қойғызатын. Гүлжиһан апай концерт жүргізгенде дауысын мың құбылтып, сөз шебері екенін тыңдаушысына мойындататын. Ол кісі Құдаш Мұқашевтың өлеңдерін сүйіп оқитын. Сосын бізге: «Арман» деген, «Жолдар» деген Құдаштың жақсы өлеңдері бар. Адам өзінің концерттік бағдарламасын жасауда көп  іздену керек» деп бізге ол ақынның жырларын үйреткен.

                 Жадырап дала болып жатар ма екем,
                 Даламның таңы болып атар ма екем,
                 Көретін бар дүниені өз көзіммен,
                Күн боп шығып, күн болып батар ма екем, -

дегенде жүзі балбұл жанатын. Содан соң:

- Күлшара, қарашы, бұл өлеңде бүкіл қазақтың арманы жатқан жоқ па?! Неге сендер осындай жақсы жырларды  сахнаға алып шықпайсыңдар? - деп   ренішін білдіретін.

Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында Ғабит Мүсіреповтың 70 жасқа толған мерейтойы болды. Менің үстімде киетін киім жоқ. Мені № 12 сән ательесіне апарып, өз ақшасына қара көйлек тіккізіп берді. Сахнаға шығар алдында опа-далап жағып, қуыршақтай құлпыртып, бет-аузымды бояп алып шықты. Ол кісі аса қамқор, ешкімді алаламайтын дархандығымен ерекше еді.

Кейін апайдың басына барып, «Жанымай, ең   болмаса артында іздеушің да болмады-ау, не атың аталмай жатыр, - деп рухымен сырластым. Бірақ, біздің қолдан не келеді....»

             «Нағыз қазақ -қазақ емес,
               Нағыз қазақ домбыра!», - демекші, кешегі Ақансері, Біржан Сал, Үкілі Ыбырай мен Мұхит мектебінің хас өнерін жалғастыру үшін арнайы дәстүрлі ән өнерінің мектебін ашу Гүлжиһан Ғалиқызының басты мақсаты еді. Көп ұзамай ақсақалдар алқасын жиып, ақылдаса келіп Қазақстанның халық әртістері Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев сынды ел мақтанышы, арқалы әншілерді шақырып, өзіндік мектеп ашты. Енді Ғарекеңнің сүйікті шәкірті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышеваның ұлағатты ұстаз, қамқоршы тәлімгер апасы Гүлжиһан Қалиқызы жайлы лебізін тыңдай отырсақ:

Қапаш: Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан Ғалиқызының өнер адамдарына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мені  өнер бағына баулып, қазақтың тұңғыш ашылған «Гүлдер» ансамбліне  жолдама берген де сол кісі.

Гүлжиһан Ғалиева қанша рет сахнаға шықсам да, көз алдымда тұрады. Ол кісінің аналық қамқорлығы, маман ретіндегі көмегі ерекше еді, шәкірттерінің үйі, атағы, киімі, домбырасы жоқ қиын кезеңде өз ақшасын қосып бізге жағдай жасады ғой.

Бір керемет басымнан өткен жағдай, 1968 жылы  Гүлжиһан Ғалиқызы  бізге алғаш ұлттық киім тіккізіп, «ақсақалдардың ақ батасын алайық»  деп Жазушылар одағына алып келді. Үстімде қысқа көйлегім мен қамзолым, басымда үкілі тақия, оюлы ақ етігім бар.

Сахнаға алғаш алты биші қыз шығып, мың бұрала билеп көрерменді бір желпіндіріп тастады. Екінші кезекте мен шығып екі әнді бола бергенде

залдан бір дауыс естілді: «ойбай-ай, ойбай! Біздің тұсымызда осындай қыздар болмады ғой, ойбай! - дегенде мен көзім бақырайып, таң-тамаша қарап қалдым. Алдыңғы қатарда  Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Асқар Тоқмағамбетовтердің отырғанын шырамыттым. Сол кезде Ғабит ағамыз артқа бұрылып: - Әй, Мұқағали, қойсайшы! Біз де отырмыз ғой, - деді. Сонда ғана білдім, әлгі айғайлаған Мұқағали ағамыз екенін. Содан тағы бір ән айттым да сахнадан шығып кеттім.

Гүлжиһан апамыз көреген, көсем еді, біз ақсақалдардың ақ батасын алған соң жолымыз ашылды. Жақсы болдық.

Гүлжиһан Ғалиқызы  жер-жерді аралап, халық ішінен шыққан тұнба дарын иелерінің басын қосып, студияға оқуға қабылдады. Біз Көкшетаудан  тоғыз  бала келген едік, бесеуміз қабылдандық.

Тағы бір есімде қалғаны студент кезімізде ақшамыз жетпейді, апай түскі асқа үйіне кетіп бара жатып: - Қызым, қалайсың, аш жүрсің бе, жүр, көлікке мін,- деп үйіне алып барады да, өзі ас үйге кіріп кетіп демде дәмді тағамдарын алдыма тосады.

Ол кісі өте білімді, қазақ-орыс тілдеріне бірдей, алғыр жан болатын. Біз Гүлжиһан Ғалиқызының арқасында Мәскеудің концерт залдарында болатын арнайы концертке жұмасына бір рет ұшып барып қатысып келетінбіз. Мәскеу халқы қазақтың халық өнерін мойындасын деген мақсатпен осыны қолға алып еді».

Республикалық эстрада-цирк студиясында 1976-78 жылдары Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың алдынан мен де дәріс алған едім. Ол кезде бұл оқуға түсу  үшін республикалық байқау Алматыдағы ұйғыр театрында өтетін.  Әділқазылар алқасы да аса талғампаз еді.

Біз студияға түскенімізде алғаш жиналыс ашып, бізге ақ жол тілеген Гүлжиһан Ғалиқызы еді, ол кісі оқу барысында анамыздай қамқор болып, ақыл-кеңесін аямады. Мен оқу бітірген соң театр және өнер институтына барам дегенде де, журналистика факультетіне түсем дегенде де үзілді-кесілді қарсы болған да осы кісі еді.

 Гүлжиһан апай: «Өнер деген киелі, сен одан кете алмайсың!» - деп қатты ескерткен -ді. Енді ойласам «алған бағытыңнан қайтпа» дегені екен -ау...

Студияда қуыршақ театрына, цирк сахнасына маман дайындаумен қатар  аспаптық бөлім, әншілер дайындайтын бірнеше мектеп, көркемсөз шеберлерін үйрететін өзіндік мектеп қалыптастырған Гүлжиһан Ғалиқызы ұлттық өнеріміздің   дамуына атсалысып, жиырма  жыл тапжылмай осы оқу орнында басшылық етті.

Эстрада студиясының алғашқы қарлығаштарының басын  қосып «Гүлдер» ән-би ансамблін ашты. Әр қадамы сәтті басталған ансамбль ұжымы Гаванада өткен Әлем жастарының фестивалінде лауреат атанды. Қанда бар өнерді дамытып, Қазақ циркін құру жоспарын  ойластырған апай Мәдениет

министрі Ілияс Омаровтың қолдауымен,  Димаш Ахметұлының қаржылай көмегінің арқасында  Мәскеудегі Владимир жылқы зауытына барып, нағыз цирк үшін жаралған он бес сәйгүлікті жем-шөбін дайындап, өзі мінген поездың жүк вагонына тиеп, Алматыға әкеледі. Кавказдан  аң үйрететін Жора деген жігітті отбасымен алғызады.

Атақты Перкун мен Дубинскийдің режиссерлік қойылымымен  сахнаға бағдарлама дайындайды. Жаңа бағдарламада «Көкпар», «Қыз қуу», «Теңге алу» секілді ұлттық ойындарды енгізеді. Маңғыстаудың түйесін, қырдың қызыл түлкісін, Алтайдың ақиығын алдырады.

1970 жылы 24 маусымда Қазақ цирк ұжымы рәсімделіп  тіркеледі. Оның алғашқы директоры Қанат Саудабаев болатын.

Димаш Ахметұлының қамқорлығымен Қазақ циркының ғимараты бой көтереді.

Гүлжиһан Ғалиқызының Едіге, Аэлита деген ұл-қызы мен Едігенің ұлдары Аббас пен Шыңғыс ерте дүние салады. Бір тұқымнан жалғыз қалған Едігенің қызы  Ләйлә Алматы қаласында тұрады. Оның анасының ұлты - орыс.

Гүлжиһан Ғалиқызының  өмірдеректі құжаттары  Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Өнер иесінің көп жылғы ерен еңбегі әділ бағаланып, Еңбек Қызыл ту және «Құрмет» белгісі ордендерімен өз кезінде марапатталған.

Гүлжиһан Ғалиқызының әкесі жайлы тарих беттерінде маңызды мағлұматтар бар, аса бақ-дәулет біткен адам халқының ертеңін ойлап Алматы демалыс орындарында ормандарды салуға және сәулетті мәдени ошақтардың бой көтеруіне  атсалысып, қаржыландырғын. Ал ол кісі жайлы Майдан Мырзахметұлы не дер екен:

«Қали атамыз генерал-губернаторлар жүретін арбамен жүреді екен. Ана-мына ат ол кісіні көтере алмай, белі үзіліп кетеді екен. Батыр адам болған ғой.

Бірде Абай ауылына қыдырып барса керек. Ол жақтағы туған-туысқандар ат мінгізейін десе лайық таппай қатты қиналады. Төңіректегі ауылдарға ат шаптырып іздестірсе, біреуде шұбар айғыр бар, бір көтерсе сол көтерер  деп алып келеді. Қонақ қырдан асып кеткенше ауыл адамдары қатты абыржиды, сыйлаған аттың белі үзіліп қалса сын ғой. Әйтеуір қырдан асып кеткен соң уһ дейді ғой.

Бұл кісі рақымшылығы көп болған адам, Алматыдағы үлкен мешітті, қазіргі Мәдениет министрлігінің ескі ғимаратын, Горький паркінің, Баум орманының ағаштарын Қали атамыздың қаржысымен  салған. Елім деп еңіреген Қали атамыздың да аты аталмай елеусіз қалды»...

Иә, қазақ өнерінің өркендеуіне атсалысып, ерлер атқарар істі мойнымен көтеріп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Гүлжиһан Ғалиқызының есімі бұл күнде елеусіз қалып барады. Өз ұрпақтарынан іздеуші жоқ десек, Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева,  Қанат Құлымжанов, Сембек Жұмағалиев, Күлшара Есетова, Гүлжан Талпақова, Нағима Есқалиева, Тұрсынғазы

Рахимов, Ғалым Мұхамедин сынды  баласындай болып кеткен шәкірттері бар  ғой. Алдағы уақытта осы өнер иелері Гүлжиһанның артынан іздеуші болып, есімін ел есінде сақтауға атсалысса  деген ойым бар.

 Республика көлемінде туғанына 80-90 жыл толуына орай өтететін іс-шаралар атаусыз қалды. Ендігі жерде өзі іргетасын қалаған Қазақ циркіне Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның есімі, Алматы көшелерінің біріне есімі берілсе  өнер иесінің рухы шаттанар еді.

Осыншама қазақ өнеріне орасан үлес қосқан Гүлжиһан Ғалиеваның әлі бейітінің басы  дұрыс қарайтылмаған дегенге сенесіз  бе?

Алдағы уақытта Мәдениет министрлігі біле жүрсін дейтін болсақ, би өнерінің керемет бишісі Нұрсұлу Тапалованың да бейітінің басы қоқысқа толы, ел көзіне түсерлік ескерткішінің жоқ  екенін несіне жасырамыз.

Қазақ өнеріне шолпан жұлдыздай жарқырап сәулесін шашқан дарабоз дарын иесі, ағынға қарсы жүзген қоғам қайраткері, халқын сүйген тамаша көркемсөз шебері Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан Ғалиқызы өнер көгінде өнегелі ісімен ерекшелене білген ірі тұлға, тағлымды тәлімгер, жаңашыл жан еді... Есімі ел есінде сақталар асыл туған қыздың  торқалы тойы мемлекет тарапынан қолдау көрсе,  есімі Қазақ циркіне берілсе, «өлі риза болмай тірі байымайды» дегенге саятынына  еш дау жоқ...