Халқымыз алаңсыз өмір сүруі үшін әскери қызметшілер өз міндетін мүлтіксіз атқаруы керек - Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат – Халқымыз алаңсыз өмір сүруі үшін әскери қызметшілер өз міндетін мүлтіксіз атқаруы керек. Бұл туралы Бүкілармиялық кеңесте Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі жастар - ертеңгі Отан қорғаушылар. Еліміз мәңгі болсын десек, біз нағыз патриот, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Ең бастысы, бұл жұмыс қанша буын алмасса да тоқтамай ұдайы жүргізіле беруі керек», - деді Президент.

Мемлекет басшысы қорғаныс және қауіпсіздік саласы елімізді тұрақты дамыту ісінде айрықша маңызды рөл атқаратындығын айтты.

«Айбынды армия – қасиетті жерімізді және елімізді қорғайтын сенімді қалқан. Халқымыз алаңсыз өмір сүруі үшін әскери қызметшілер өз міндетін мүлтіксіз атқаруы керек. Мен Отан күзетіндегі әрбір жауынгеріміз антына адал болады деп сенемін. Қазір ортамызда ерлігімен және мінсіз қызметімен дара шыққан азаматтар болды. Оларды шын мәнінде бейбіт күннің батырлары деуге болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Президент армияның егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болу қажеттігін айтты.