Құттықтаушылардың ішінде еліміздің көрнекті ғалым-қайраткерлері бар. Солардың бірі академик Әбдуәли Қайдар: «Сіз осы 20 жыл ішінде талай белестерді бағындырдыңыз. Еліміздің абыройын асқақтатып, төрткүл дүниеге паш еттіңіз. Мемлекетімізді жаңа даму жолына түсірдіңіз. Осындай игі істеріңіздің бұдан әрі де өркендей беруіне шын жүректен тілектеспін», - деп жазады жеделхатында.
Академик Төрегелді Шарманов өз хатында: «Президенттік сайлауда халқымыздың Елбасын қолдап, ақ ниетін білдіруі бейбіт ғұмыр мен жасампаздыққа апаратын жолды таңдағаны», - деп атап өткен. Сондай-ақ Рабиға Сыздықова, Өмірзақ Айтбайұлы, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Сейіт Қасқабасов сынды академиктер жолдаған жеделхатта: «Қазақстан халқы еліміздің соңғы жиырма жылдағы жоғары қарқында дамуы мен өсіп-өркендеуін Сіздің есіміңізбен байланыстырады. Сондықтан ел таңдауы тағы да Сізге түсіп, тағы да Сізге сенім артты», - делінген. Ал жазушы Сәбит Досанов өз тілегін «Сіздің бұл тарихи ұлы жеңісіңіз - көл-көсір еңбегіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі», - деп жеткізеді.
Сонымен қатар Семей қаласынан «Абай қорының» президенті Балтабек Ерсәлімов жеделхатында: «Сіз қазақ халқының бағына туған азаматсыз. Шынайы құрмет пен шексіз ризашылыққа бөлене беріңіз», - деп ағынан жарылады. Ал, «Абай» журналының директоры Ырысхан Мұсаұлы мен ақын Мұратбек Оспанов: «Атам қазақ отырған алтын айдарлы ұлына ақсарбас айтып, толайым көңілден ақ тілегін ақтарып жатады. Осы дәстүрді сақтай отырып, бүкіл әлемді таңдай қақтырарлық табысыңыз бен сайлаудағы ірі жеңісіңіз ұзағынан сүйіндірсін», - дей келе, Елбасының алдағы өкілеттік кезеңіндегі еңбегіне тілектестік білдірген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысын Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қапланбек гуманитарлық агроэкономикалық колледжінің директоры Еркімбек Қанжігітов, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназар, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Сұлушаш Қайранова қатарлы зиялы қауым өкілдері жеделхат арқылы құттықтаған.
Елбасына ақ пейілдерін білдіргендердің арасында ардагерлер де аз емес. Павлодар облысынан жеделхат жолдаған Ұлы Отан соғысының ардагері Қабдеш Нұркин: «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы ретінде толағай табыстар мен биік белестерден көріне беріңіз», - деп ыстық ықыласын жеткізген. Осы облысқа қарасты Май ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Әлмырза Ахметов Елбасын құттықтап, ақ тілегін білдірген. «Қазақстанның жағдайын жөндеп, жер жүзіндегі үлкен мемлекеттердің қатарына қостыңыз. Енді бұдан да былай елімізді көркейте беруіңізге тілектеспіз», - деп жазады Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан хат жолдаған еңбек ардагері З.Қамшыбаев.
Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы тұрғындары атынан жеделхат жолдаған аудан әкімі Т.Жексембаев Мемлекет басшысының алдағы атқарар ісіне толайым табыстар тілейді. Осы өңірдегі Абай ауданының тұрғындары игі тілектерін жеделхат арқылы білдірген. Президентті сайлаудағы үлкен жеңісімен құттықтап, шынайы лебіздерін білдіріп жатқандардың ішінде Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Қазфосфат» АҚ-ның мыңдаған жұмысшыдан тұратын үлкен ұжымы да бар. «Сайлаудағы бұл жеңісіңізді біз елді көркейтудегі, тыныштықты сақтап, халықтың әл-ауқатын арттырудағы атқарған ерен еңбегіңізге отандастарымыздың берген жоғары бағасы деп білеміз», - делінген басқарма төрағасы М.Есенов пен бас директор М.Искандировтың атынан келген жеделхатта. Сонымен қатар, Мемлекет басшысын Қазақстан кәсіпкерлер ассоциациясы атынан басқарма кеңесінің төрағасы Ж.Жанқұлов құттықтады. «Сіздің орасан зор саяси тәжірибеңіз, өмірлік даналығыңыз бен сарқылмас күш-қуатыңыз әлі ұзақ жылдар бойы Қазақстан халқының мүддесі жолында қызмет ететініне сенім білдіреміз», - деп жазады ол өзінің хатында.
Елбасын сайлаудағы жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін білдіргендер арасында Қостанай облысы, Жангелдин аудандық мәслихат депутаты К.Карбозов, Қазақстан жастарының Конгресі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жастары: А.Абдрахманова, Ж.Қорғанбаев, З.Орынбеков, Н.Алтаева, т.б., Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары атынан: Кеңес Одағының Батыры Т. Қауымбаев, Социалистік Еңбек Ері Б.Шүкірбеков, жазушы Е.Тұрысов, халық ақыны Ә.Қалыбекова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Мәуленқұлов, Қ.А.Йассауи атындағы ХҚТУ вице-президенті Ж.Айменов, т.б. бар.
«Бүгін Қазақстан мен Сіздің есіміңіз қатар айтылады. Өйткені еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылында Сіздің бастауыңызбен Қазақ Елі төрткүл дүниеге әйгілі, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылуға толық мүмкіндігі бар, іргелі де экономикасы қуатты елге айналды», - делінген Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының жанындағы штаб мүшелері Б.Нұрасыл, Қ.Абжанов, Е.Келгенбаев, А.Дудник жолдаған жеделхатта. Мұндай мазмұндағы құттықтаулар сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал аудандық қоғамдық штаб мүшелері О.Аяшев, И. Үмбетаев, Қызылорда облысы, Арал ауданының тұрғыны Ж.Салмырзаева, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының әкімі Т.Қасымжанов, «Нұр Отан» ХДП Жарма аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, Жарма аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы С. Жылқыбаевтан және Жарма аудандық қоғамдық штаб мүшелерінен, ойылдық Қ.Нұрымгерейұлынан, С,Әубәкірұлынан, еңбек ардагері Ә.Қасымбекқызынан келіп түсті.