Халқының сағынышына айналған Нұрғиса Тілендиев тоқсанға толар еді...

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Кеңестер одағының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтың туғанына 90 жыл толғалы отыр (1925-1998).

Жыр алыбы Жамбыл мен Сүйінбайдың елінде Құланаяқ Құлмамбет, Бақтыбай, Жорға Үмбетәлі ақындардың, ән мен жырдың желмаясы атанған Кенен мен Дәурен салдың, Қалқаның ән-жырлары жиі айтылатын.

Болашақ өнер иесі шашасына шаң жуытпайтын жүйрік дүбіріне құлақ түріп, табиғат сұлулығына тамсана өсті.

Жамбыл атасы бала кезінен алдына алып тартқан күйін, жеті жасынан салған әнін тыңдаған Нұрғиса халықтың ән-жырын, қисса-дастанын, шешендік сөздерін зердесіне тоқып өсті.

Жастайынан «Өтеген батыр», «Сұраншы-Саурық» секілді ерлік күйін жырлаған ерке ұлдың талабына жұрттың көзі ерте түсіп, келешегінен үлкен үміт күтетін.

Нұрғиса дүниеге келерде әкесі қыз баланы күткен екен. Ел жайлауға көшкенде таңсәріде дүниеге келген нәрестеге таң нұрындай шуақты болсын деп Нұрғиса қойса керек. Өзінен үлкен Баймолда, Хаймолда ағалары, Іштай деген әпкесі болыпты. Іштай ұзатылып кеткен соң ата-анасы қыз баланы аңсайды екен.

«Өнер де құрғақ жерге бітпейді» дегендей, Нұрғисаның үлкен атасы Атабай үлкен молда, Түктібай атасы өнер қонған қасиетті қобызшы, Жамбыл атасы жыр алыбы атанған төкпе ақын болса, нағашы атасы халық композиторы Кенен Әзірбаев еді.

Қанмен келген қасиетті өнер Нұрғисаға бақ болып қонды.

1930 жылы Тіленді Қаракестектен Алматыға көшіп келгенде Нұрғиса бес жаста болатын. Әкесі баланың өнерге бейімділігін байқап, қолдан домбыра жасап берген соң ол әке күйлерін біртіндеп үйрене бастайды. Әкесі домбыраны пышақпен тартатын, сол кісіге еліктеймін деп Нұрғиса шекті әлденеше үзіп алғаны бар. Нұрағаң бала кезден есте қалған әңгімені жиі айтып отыратын:

- 1934 жылы Қазақ елінің өнерпаздарының басын қосқан үлкен слет болды. Сонда Жамбылдан бастап бүкіл өнер қайраткерлері, әнші-күйшілер, барлығы Пушкин көшесі, 45-інші үйде болды. Көбісі біздің үйге жиналды. Ішінде Шашубай, Иса, Нартай, Үмбетәлі, Жамбыл, Кенен атам бар. Әкем ол кісілермен таныстырды. Сонда Ораз Жандосовты бірінші көруім. Мені ол кезде сегіз жастамын, музыка мектебінде оқимын. Осы күнге дейін сол бір тамаша шақ көз алдыма келеді.

Темірбек Жүргенов тойды басқарды. Үлкен өнер адамдарымен кездесу менің өнерге деген сүйіспеншілігімді оятты,- дейтін Нұрағаң өткен өміріне барлау жасап.

Нұрағаңның анасы Салиха да сырнаймен әнді шебер орындайтын. Ол көкірегі ояу, аса қонақжай жан еді. Үйге келген мейманның бабын тауып, құрақ ұшып қызмет ететін.

Бір күні шөптің үстінде домбыра тартып отырған Нұрғисаны: «Әй, бала, бері кел» деп, үйге келген қонақ шақырып алды. Сөйтсе, композитор Ахмет Жұбанов екен. Ол кісі баланың өнерге бейім екенін байқап: «сен бала Алматыдағы музыка мектебіне кел» деп, ата-аналарына баланың құжаттарын жөндеп әкелуін қадағалап тапсырды.

Тумысынан қабілетті бала Чайковский атындағы музыка мектебіне еш қиындықсыз түсіп, фортепиано, домбыра аспабын шебер ойнауға машықтанды.

1937 жылы он екі жасында Нұрғиса домбырашылар оркестріне қабылданды. Ол кезде оркестрді Латиф Хамиди басқаратын. Латекең Нұрғисаның биге қабілеттілігін байқап, ән-би ансамбліне жібереді. Ол кезде дайындық «Қазақконцерттің» ауласында өтетін. Атақты Әбікен Хасенов күй тартады, жастар би билейді. Үзіліс кезінде Нұрғиса Әбікеннің домбырасын қолына алып, әлгі орындаған күйлерді бірінен соң бірін тартқанда Әбікен халық суретшісі Әубәкір Смайыловқа: «Әбеке, мына баланың бағын байлама, оркестрге жібер» деген екен. Содан Нұрағаң Ахмет Жұбановтың радионың жанынан құрған оркестрінде 1943 жылдың қаңтарына дейін қызмет етеді де сол жерден майданға аттанады.

Сұрапыл соғыста үш рет жарақаттанған ол жеңіс туын Германия жерінде желбіретіп, екі-үш жыл сол жерде қалаларды қалпына келтіру жұмысына араласады. Осы жайлы Нұрағаң «Өлімнен қорықпаған адам өмірдің мағынасын білмеуші ме еді» деп жиі айтып отыратын. Елге оралған Нұрғиса Ахмет Жұбановтың ақыл-кеңесімен Алматы консерваториясын, кейін Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның дирижерлік бөлімін профессор Н.П. Аносовтың класы бойынша бітірді.

Композитор Нұрғиса Тілендиев өз кезінде Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде дирижерлік етті. Ал 1968-81 жылдары «Қазақфильм» студиясында музыка редакциясының Бас редакторы қызметін атқарды.

Нұрғиса Атабайұлы 1980 жылдары өзі құрған «Отырар сазы» оркестріне дирижер және көркемдік жетекші болып, ұжымды академиялық деңгейге көтерді.

Нұрағаңа алдыңғы буын ағалар көп қамқорлық көрсетті. Халықтық үні бар әсерлі әндердің шығуына себеп болған кімдер деген сұраққа композитор өз кезінде былай деп жауап берген екен:

- Ән жазу мәселесіне аса құштар емес едім. Дирижерлықты бітіргенмін. Ән жазуыма себепкер болған МұқанТөлебаев. Мен Мұқанмен Мәскеуде бірге оқыдым. Ол 1937 жылы ән факультетіне түскен. 1941 жылы денсаулығына байланысты соғысқа жарамай елге қайтқан. Содан бері Мұқан Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде дирижерлық етті. 1954 жылы мен опера театрында дирижер болып жүргенімде бір күні Мұқан шақырып алып «сенде көп дүние бар, қазақтың бар байлығы сенде, сен бәрін меңгергенсің, сенде қалатын дүние - ән, ән жаз! - деген болатын. Содан бастап ән жаза бастадым. Бірінші әнімді Жамал Омарова апай айтты. Апайдың Жұпар деген қызы туған. Соған арнап «Жұпар» деген ән шықты. Содан кейін Ұзақ Бағаевтың сөзіне «Университет» деген ән шықты. Оған сөгіс алдым. Осының бәрін алғаш Мұқанға көрсетіп аламын.

Менің бір жеңгем бар еді, Сәуле деген. Сол жеңгем ұнайтын өзіме, сұлу болатын және адамгершілігі мол жан еді. «Жан сәулем» әні сол кісіге арналды. Оны алғаш Перуден келген әнші Имма Сумма, кейін Байғали Досымжанов орындаған,- деп сөзін аяқтаған Нұрағаң.

Ал әсем әнді әсерлі жеткізуші әншілеріміздің ерекшелігі жайлы сөз қозғағанда Нұрағаң ағынан жарыла сөйлегені бар еді:

- Бибігүл Күләш апамыздың орындаушылық шеберлігіне көп үйренген жақсы әнші. «Гауһартасты» бұдан артық орындайтын жан жоқ. Ермек Серкебаев екеуі әннің әрін келтіріп орындайды ғой. «Куә бол» әнін алғаш Бақыт Әшімова орындаса, Роза Рымбаеваның орындауында тіпті ерекше шықты емес пе?!

Нұрғиса ағамыз шығармашылық жөнінде толғанып жүрген сәттерінің бірінде қаладағы Панфилов атындағы саябаққа барып серуендеп қайтатын. Бір күні кафедралдық собордың жанында демалып отырған шағында шатырға тырна келіп қонды, сол-ақ екен, құзғын қарғалар жан-жақтан шоқып, ұшырып жіберді, қайта қонып еді, маза бермеді. Сөйтіп, тырна Алатауға беталып ұшып кетті.

- Жалғыздық деген қандай? - деп Нұрағаң жылап жіберді. Тырнаның тағдыры композитордың жан-дүниесін астан-кестен етті. Кешке Тұманбайды шақырған ол болған оқиғаны баяндап, әннің мәтінін жазуды өтінді. «Құстар әні» осылайша өмірге келген еді.

Композитор Нұрғиса Тілендиев өз кезінде Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Нұтфолла Шәкенов, Бәкір Тәжібаев және Мұқағали Мақатаев сынды ақындармен тығыз шығармашылық байланыста болды.

Әр әннің өзіндік драматургиясы, тарихы бар десек, Нұрағаңның сүйген жары Дариға Тілендікелініне арнап шығарған әндерінің де өзіндік мән-мағынасы бар.

Ал үнемі шығармашылық үстінде жүрген Нұрғиса ағамыздың талғам-танымы, адами қасиеті жайлы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендиева әңгімесін жалғастырсын:

- Нұрағаң ерте тұрып, шыққан күнді қарсы алатын. Сонда ол халыққа, бала-шағасына тілек тілейтін. Ол кісі дене шынықтырумен көп айналысатын. Бақтарды аралап қыдыратын. Нұрағаң кеткелі біраз жыл болды. Осы аралықта біраз іс атқарылды деп ойлаймын.

«Санат» баспасынан «Қаһарман Нұрғиса» деген Серік Әбдірайымовтың жинағы шықты. 2003 жылы Жарқын Шәкәрім екеуміз «Нұрғиса Тілендиев» деген өмірбаяндық шығармаларына талдау беріп, жақсы кітап шығардық. Үкіметтің тапсырысымен, Оралбай Әбдікәрімнің қолдауымен екі томдық кітап жарық көрді. Бұл оркестрге арналып жазылған күй-поэмалары.

Нұрағаң оркестрде шабыттанып еңбек ететін. Оркестрдегі балаларды жақсы көретін. Қазір Нұрағаңды жиі еске алып, сағынып отырамын. Ол тек менің ғана сағынышым емес, халықтың да сағынышына айналды.

Нұрғисаға Нұрсұлтан Әбішұлы Халық қаҺарманы орденін кеудесіне қадады, сонда Нұрағаң: «мен өз шешемнен тумаған сияқтымын, мен халықтан туған сияқтымын» деп бекер айтпаған шығар... Халқына деген сезімі ерекше еді ғой жарықтықтың», -деп еске алды Дариға апамыз.

Нұрағаң көбіне түнде жазатын, жақсы ойлар, әдемі әуендер тыныштықта келетін. Оның бер жағында оркестрде ойналатын партитураларды жүйелеп, қағазға түсіру де көп уақыт алатын.

Бүгінде халықтық ән-әуенге айналған Нұрағаңның 500-ге жуық шығармалары біздің алтын қорымызда сақтаулы. Ал «Куә бол», «Жүрегім менің», «Кел еркем Алатауыңа», «Әжеме», «Келе жатыр құс қайтып», «Аққұсым», «Ақ шағала», «Біздің ағай тамаша», «Өз елім», «Сарыжайлауым» әндері тыңдаушының жүрегіне жол тапқан өміршеңдігімен құнды.

Ал «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы «Аққу», «Ата толғауы», «Атадан мұра», «Темірбектің төкпесі», «Әлқисса», «Махамбет» күйлері тарихи құндылығымен, көңіл сергітер ерекшелігімен әсерлі.

Нұрағаң Құддыс Қожамияровпен бірлесіп, «Алтын таулар» операсын және «Достық жолымен» балетін жазды. «Менің Қазақстаным» кантатасын, оркестрге арнап бірнеше поэма, «Халық қуанышы», «Қайрат» және «Жеңіс салтанаты» увертюраларының авторы. Ол елуден астам драма спектакліне, он жеті мультипликациялық фильмге әуен жазды.

Еркін төгілген әсем әуен, нәзік лирикаға толы небір ғажайып музыканың иесі Нұрағаң: «Арқаның сал-серілері Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, күйшілер Тәттімбет, Тоқа болмаса мен де болмас едім, менің табынарым Абай сөзі, - деп жиі қайталап отыратын.

Нұрағаң өнерімен тіршілік біткеннің жүрегін жылытып, өзіне еріксіз табындырған біртуар дарын иесі еді. Ол әдемі әуендерімен неше буынның бесігіне ән қоңырауын тақты. Нұрағаңның бесік жырымен есейген ұрпақ сұлу әнді асқақтата салып, ертеңге нық қадам басуда.

Көне аспаптарға жан бітірген Нұрғиса Тілендиев сынды композиторымыз халықтың рухани тегінен өніп-өскен қажымас қайрат, үлкен адамгершілік иесі еді. Бір басында халқымыздың ақындық, әншілік, шешендік, күйшілік, композиторлық рухының күш-қуаты бар Нұрағаң сиқырымен жан баласын өзіне табындырар асқар шыңға ұқсайтын.

Қазақстанның халық әртісі Еркеғали Рахмадиев «Нұрғиса Тілендиев ғасырлар бойы өзінің өнерімен ғұмырын ұзартатын біртуар дарын иесі» деп жақсы баға берген.

«Орнында бар оңалар» демекші, Нұрғиса ағамыздың үміт артқан перзенті Дінзухра Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясын бітіріп, дирижерлық мамандықтың иесі атанды.

«Ат тұяғын тай басар» демекші, «Отырар сазы» оркестрінің келешегі Дінзухра Нұрғисақызына аманат етілді. Ол бүгінде әке таяғын қолына алып, аталмыш оркестрге бас дирижер болды. Соңғы кезде алыс-жақын шет елдерде қазақ өнерін жиі насихаттауда. Жуырда «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері атанды.

Қазақ өнерінің іргетасын қалап, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов сынды композиторлардың әкелік қамқорлығын көрген Нұрағаң «осындай өнер қонған ағалардың соңынан ергенім үшін өзімді бақытты сезінемін» дейтін көзі тірісінде.

Қазақстанда тұңғыш этнографиялық оркестр құрып, көне аспаптарға жан бітірген Нұрғиса Тілендиев сынды композиторымыз халқымыздың рухани тегінен өніп өскен қажымас қайрат, үлкен адамгершілік иесі еді.

Әсем әндей жаны сұлу Нұрағаң бала кезінде Қатшыбай күйшіден үйренген «Баламышка» деген татар әуенін шабытты шақтарында жиі орындайтын. Біз қазақ халқының маңдайына біткен қайталанбас тұлға Нұрғиса Тілендиев өмірінен азғана мағлұмат бердік. Ал,күйші өмірі әлденеше томға арқау болары сөзсіз.

Нұрғиса Тілендиев - қазақ музыкалық мәдениетіне сазгер, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол - 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет сияқты бірнеше жанрға қалам сілтеген дарын иесінің «Достық жолымен» (1958 ж.), «Менің Қазақстаным» кантатасын (1959 ж.), Құддыс Қожамияровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961 ж.), «Халық қуанышы» (1963 ж.), «Қайрат» (1964 ж.), «Жеңіс солдаты» (1975 ж.) сияқты увертюраларын атауға болады. Нұрекеңнің «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Сарыжайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған лирикалық әндері жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған баға жетпес туындылар. Мұның сыртында композитор «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» фильмдерге музыка жазып, қырық шақты спектакльге әуен жазған.

2014 жылдың мамыр айында Алматы қаласындағы Бөгенбай мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев тұрған зәулім үйдің пәтері композитордың мемориал-үйіне айналды. Өмір бойы жазған туындыларын шашау шығармай жинақтап, мұражайдың ашылуына ереекше атсалысқан ол кісінің жұбайы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, киноактриса Дариға Тілендікелінінің де еңбегі зор екені мәлім. Мұрасына қамқор бола білген асыл жары, өнерін жалғастырар Дінзухрадай перзенті, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестріндей ұжымы, шығармаларын сүйсіне тыңдайтын халқы бар Нұрағаң бақытты жан. Оған еш дау жоқ. Ендігі мақсат - халқы сүйген өнер адамының торқалы тойын өз дәрежесінде атап өту.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева