Халқының саны 3 миллионға жететін Астанаға монумент көптік етпейді - Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Ұлы Дала елі» атты монументті салтанатты түрде ашып берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болашақта халқының саны үш миллионға жететін елордаға монументтің көптік етпейтінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Монумент 2017 жылы басталатын Экспо-2017 көрмесінің аумағында орналасқан. Сондықтан, Мемлекет басшысы атап өткендей, миллиондаған туристер  Қазақстан Тәуелсіздігі туралы білетін болды.

«Құдай бұйыртса, Экспо көрмесін ашқан кезде, дүниежүзінен миллиондаған туристер келіп, осы жерде жүреді. Сонда, мына монументке қарап, Қазақстанның тәуелсіздігіне  25 жыл екенін естеріне  түсірер деп ойлаймын. Экспо көрмесі  қаланың бір ауданын алып жатыр. Қаланың көркін өзгертейін деп тұр. Болашақта халқының саны  3 миллион адамға жеткен кезде, халық көп барып, демалатын орындар керек. Дүниежүзіндегі астаналардың ешқайсысына мұндай монумент көптік етпейді», - деді Президент.

Монументті салған құрылыс компаниясының мәліметіне сүйенсек, монумент 3 жарым ай уақытта салынған екен. Монументтің 25 қыры Тәуелсіздіктің 25 жылы туралы сыр шертеді. Монумент Антика мраморынан салынған.