Халық арасында жіті ішек инфекцияларымен топтық және таралған түрдегі сырқаттанушылық тіркелген жоқ -ДСМ

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі республикадағы жіті ішек инфекциялары (бұдан әрі - ЖІИ) бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлайды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, 2011 жылдың 5 айы ішінде 2010 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықтың 16,7% төмендеу үрдісі байқалады, сальмонеллезбен сырқаттанушылық 42,3%, дизентерия 17,1%, шигеллез 17,7%, ротовирусты энтериттер 28,5%, бактериялық және вирусты ішек инфекциялары 19,6% төмендеді.

Халық арасында жіті ішек инфекцияларымен топтық және таралған түрдегі сырқаттанушылық тіркелген жоқ.

Еуропа өңірінде гемолитикалық-уремиялық синдромы бар жіті ішек инфекциясы өршуінің тіркелуіне байланысты республикада жіті ішек инфекцияларын эпидемиологиялық қадағалау, су мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне зертханалық мониторинг күшейтілді.

Республика аумағында эпидемиологиялық асқынуды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2011 жылғы 30 мамырда №7 және 2011 жылғы 1 маусымда №8 қаулысы шығарылды, осыған сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларына, Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне ЖІИ диагностикалауды және емдеуді ұйымдастыру, жаттықтыру сабақтары мен семинарлар өткізу, халыққа берілетін ауыз судың қауіпсіздігін қадағалауды күшейту, мектепке дейінгі, сауықтыру және басқа да ұйымдарда режимді сақтау, сондай-ақ эпидемиологиялық қолайсыз елдерден, соның ішінде Германиядан келген адамдарға санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру мәселелері тапсырылды.

Өткен аптада Германиядан республикаға 11 рейс, соның ішінде 4354 жолаушы және 156 экипаж мүшесі келді. Науқас адамдар анықталған жоқ.