«Халық Арена» мұз сарайына қызығушылық артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14-18 желтоқсан аралығында Алматыдағы «Халық Арена» мұз сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелдсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыс барысында Бүкіләлемдік 28-ші универсиада ойындарына арналып жаңадан салынған «Халық Арена» мұз сарайына қызығушылық танытқандардың қатары көп болған. Жаттықтырушылар мен жас хоккейшілер тұрып жатқан орыннан бастап, мұз сапасына дейін, жарыс кезінде ұсынылған барлық жағдайға дән риза болғандарын айтып, жоғары бағасын берген.

«Барыс 2001» командасының жаттықтырушысы Константин Серғазинов: «Жарыс тамаша ұйымдастырылды. Барлығы көңілімізден шығып отыр, айтар ешбір ескертуіміз жоқ. Киім ауыстыратын орын өте жайлы, тіпті балалардың киіміне шейін жуылады. Біз жарыстарға жиі шығып тұрамыз, бірақ қайда бармасақ та, мұндай жағдайды көрген емеспіз. Мұзға шығу уақыты кестеге сәйкес, бәрі қатаң сақталады, бұл өте ыңғайлы. Біздің Астанадағы мұз сарайымыз да жаңа, сондықтан салыстыра аламыз, айтарымыз - бәрі жоғары деңгейде, тек жақсылап ойнасаң болғаны», - деп атап өтті.

Ал FISU атынан келген бақылаушы Пауло Феррейра (Португалия) жаңадан салынған «Халық Арена» спорт нысанының халықаралық стандарттарға қаншалықты жауап беретіндігі жөнінде өз ойын былай жеткізді: «Ойындарға дейін мен бұл нысанға келіп көрген емеспін, алайда ол салынып біткеннен кейін әріптестерім осында болып қайтқандықтан, қайда бара жатқанымды білдім. Дайындық деңгейі жоғары, барлығы ең жоғарғы стандарттарға сәйкес екендігін енді өз көзіммен көріп отырмын. Біз үшін осы тестілік жарыстарға қатысу аса маңызды болды. Біз осылайша жекелеген аймақтардың барлығын жан-жақты тексере аламыз. Бұл тек мұз алаңына ғана қатысты емес, ең бастысы, ұйымдастыру кезінде қажетті барлық жағдайлар ескерілуі тиіс. Жұртшылыққа арналған аймақ қайда орналасқан, қалай ұйымдастырылғанын, киім ауыстыратын орын мен медиа жайғасатын аймақ қайда, яғни не, қайда, қалай ұйымдастырылғанын білуіміз керек болды. Универсиадаға бірнеше апта қалғанда осында жұмыс жүргізіп отырғанымыздың өзі өте керемет мүмкіндік. Осының арқасында біз сырттан байқау жүргізіп, басты кеңестерімізді беріп отырмыз. Қалай ұйымдастырған дұрыс болатынын талқылап, ең дұрыс шешімді қабылдауымыз үшін кейде ұйымдастырушылар ертең қиындық тудыруы мүмкін қандай да бір аймақтарды өздері көрсетіп жатады. Ұйымдастыру комитетінің қызметкерлері олардың алдында тұрған бүкіл міндеттерді өздері көріп, оларды шешіп отырады. Бұл өте маңызды, өйткені адамдар өздерінің осал аймақтарын көрген кезде, бүкіл назарын дұрыс шешім табуға аударатын болады. Өз ісіне деген мұндай сыншылдық ауадай қажет. Бұл оңай емес екенін, өз алдыңа үлкен талап қою деп білемін, бірақ қазір бұл аса қажет. Қазір жұмыс жасау қиын болған сайын, ертең Универсиада кезінде соғұрлым жеңіл болмақ»,-деді.

Жарыс 2017 жылы Алматы қаласында өткізілетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада қарсаңында тестілік сайыстар ретінде ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстанның түрлі аймақтарынан 6 жасөспірімдер командасы, атап айтқанда, «Торпедо Өскемен 99-00», «Ертiс 1999-2000», «Астана-2000», «Unist (Қарағанды)», «Барыс 1999» және «Барыс 2001» командалары қатысып, шеберліктерін шыңдады.

Мұз сарайы 300 көрерменді сыйдыра алатын көпатқарымдық әмбебап мұз алаңынан және 300 орынға шақталған шағын алаңнан тұрады. Универсиада кезінде осы мұз сарайында ерлер арасындағы шайбалы хоккейден жарыстар өткізілмек.