Halyk Bank пен Home bank мүгедектердің атына заңсыз несиелер рәсімдеген — депутаттық сауал
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин мойындарына заңсыз несие ілінген мүгедектерге араша түсіп, Бас прокурор мен Ұлттық банк басшысының атына сауал жолдады.
— Мысалы, Қарағандыда 66 жастағы зейнеткер Г. И. Тутучкина 2001 жылдан бері психоневрологиялық есепте тұрғанына қарамастан, оның атында Halyk Bank пен Home bank-те жалпы сомасы 5 081 543 теңге болатын қарыз бар. Бүкіл мемлекеттік платформаларда оның денсаулық жағдайы туралы растайтын құжаттар бар, — дейді депутат.
Оның сөзінше мұндай мысалды жүздеп келтіруге болады.
— Миына зақым келгені туралы диагноз қойылған ІІ топтағы мүгедек А. В. Григоращенконың ЭЦҚ кілті мен ұялы телефоны жоқ екеніне қарамастан атына Halyk Bank-тен 832 990 теңге кредит рәсімделген. Мүгедектің 86 жастағы анасы құқық қорғау органдары мен банктердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Мұндай мысалдар жүздеп кездеседі.
Зардап шегушілер сотқа жүгінгенімен кейінгі 5 жылда Қазақстан соттарында алаяқтық жолмен рәсімделген кредитті заңсыз деп тану туралы талап-арыздың бір де біреу қанағаттандырылмаған, — деген депутат Бас прокурор мен Ұлттық банк басшысынан, Ішкі істер министрі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысынан сауалында аталған тұлғаларға жан-жақты көмек сұрады.
Еске салсақ, Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлім еткен болатын.