Халық банкінің басқарма төрайымы: Азиада алауын сақтау - үлкен жауапкершілік жүктейді

АЛМАТЫ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Азиада алауын сақтау - үлкен жауапкершілік. Мұндай абыройлы да жауапты міндеттті біз ойдағыдай орындай аламыз. Бұл туралы бүгін Алматыда 7-Қысқы Азиада ойындары алауы эстафетасы дирекциясы мен Халық банкі арасындағы серіктестік туралы келісімге қол қою рәсімінде айтылды.

Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, Азиада алауының тасымалданбалы оттығы банктің Алматыдағы бас кеңсесінде арнайы бөлінген залда сақталатын болады. Оны қала тұрғындары мен қонақтары көріп-тамашалай алады. 7-Қысқы Азиада ойындары алауы эстафетасының дирекциясы өкілдерінің сөзіне қарағанда, эстафетаның серіктесі әрі Азиада алауының сақтаушысы ретінде Халық Банкінің таңдалуы кездейсоқ емес. Эстафета Қазақстанның барлық өңірін қамтитын болған соң, жобаның талаптарына сәйкес серіктес банктің республиканың әрбір өңірінде филиалы болуы қажет. Өйткені Азиада-2011 алауы эстафетасының кезеңдері арасында Алау оты осы филиалдарда сақталатын болады. Жобада сондай-ақ, банктің халық арасындағы танымалдығы, ал ең бастысы - сенімділігі де ескерілді. Алау эстафетасы дирекциясының мұндай талаптарына Халық банкі толығымен жауап бере алады.