Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов және «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қатысты.
Аталған құжат бойынша Халық банкінің бірсыпыра қызметтері Қазпоштаның бөлімшелерінде көрсетілетін болды. Атап айтқанда, Қазпошта жеке тұлғаларға банктің: депозит ашу, кредит төлеу және т.с.с. бірқатар қызметтерін халықтың қажеттіліктеріне байланысты ұсынбақ. Халық банкі бөлімшелері жоқ ауылдық елді мекендерде банктің қызметін Қазпоштаның автоматтандырылған бөлімшелері ұсынатын болады.
Сондай-ақ, Халық банкінде ашылған шоттарға Қазпошта бөлімшелері арқылы ақша аудару мүмкіндіктері екі жақты қарастырылуда. Халық банкі мен Қазпошта өкілдері банк клиенттеріне төлем карточкаларын, хат-хабарларды алушыға дейін жеткізу бойынша пошталық қызмет, соның ішінде поштаматтар арқылы альтернативті жеткізу қызметі бөлігінде ынтымақтастық орнату жайын талқылап жатыр.
Меморандум аясында Қазпоштаның инкассация қызметін көрсету мүмкіндігі бойынша, соның ішінде, Банк бөлімшелерінен алшақ орналасқан аудан орталықтарында қайта есептеу және қолма-қол ақшаны сақтау мәселелері қаралады.
«Еліміздің барлық өңірлерінде Қазпоштаның 3500 бөлімшесі бар. Клиенттеріміздің 70 проценті ауылдарда екенін атап өту керек. Ауылдық әкімдіктердің ғимараты жоқ елді мекендерде біздің бөлімшелер бар. Осыдан былай алыс ауыл-аймақтарда тұратын халыққа банк, қаржы қызметін көрсетуді жоспарлап отырмыз. Демек, бұдан былай ауыл халқы аудан орталықтарына сабылмай, банк қызметтерін пайдалана алады. Алдағы уақытта электронды коммерцияны да қолға алмақпыз. Электронды коммерция банктерді қызықтырып отырған драйверлердің бірі деп ойлаймын», - дейді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.
Өз кезегінде «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова банктің халыққа көрсетілер қызмет түрлерінің жақсаруы жолында жұмыс атқарып келе жатқанын атап өтіп, екі жақты ынтымақтастықтың халыққа пайдасы зор боларына сенім білдірді.