Халық қаһарманы Ә.Мәмбетов режиссурасы - ұлтымыздың өнер байлығы
1932 жылы қыркүйектің 2-сінде Ресейдің Волгоград облысында дүниеге келген Ә.Мәмбетов Алматы хореография училищесінде, А.Луначарский атынадағы Мемлекеттік театр өнері институтында білім алды.
Институт бітіргеннен кейін М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында, «Мосфильм» киностудиясында, Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінде, «Қазақфильм» киностудиясында, Алматы театр және көркемөнер институтында жемісті еңбек етті.
1999 жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болған ол Елбасының «елорда театрына басшылық жасаңыз» деген ұсынысын қабыл алған болатын. Таяуда «Астана ақшамы» газетінде көрнекті режиссердің елорда театрының тізгін ұстағаннан кейінгі атқарған еңбегі жөнінде ізбасары, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдiк жетекшiсi Еркiн Жуасбектің көлемді мақаласы жарық көрді. Біз ҚазАқпараттың «Халық қаһарман» айдарында «Мәмбетов мектебі» атты мақаланының ықшамдалған нұсқасын оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
«Әзекең тумысынан бекемшiл, өмiрде де, өнерде де нар тәуекелдi басты мақсат еткен. 70-ші жылдары кеңестiк кеңiстiктi шулатқан «Ана - Жер-Ана» қойылымы алғаш сахнаға шыққанда көпшiлiк: «Әзiрбайжан бұл шығарманы сахнаға қалай шығарады, басты кейiпкер Толғанай әдеби шығармада қара жермен мұңдасады. Оны сахнада қалай жасайды. Актердi еденге жатқызып қояр ма?» деген секiлдi пiкiрлер айтылды. Айналып келгенде «Мәмбетов шарттылығы» атты сахналық тосын әдiс пайда болды.
Театрдың шығармашылық келбетi тек табысты қойылымдардан ғана тұрады деу - шеңберi тар ұғым. Бұл қағидамен Ә.Мәмбетовтiң Астана театрындағы еңбегiне баға беру мүмкiн емес. Аталған театрдың соңғы 10 жылда жеткен табысы - әрине, көрермен көзайымы болған түрлi спектакльдер. Атап айтқанда, Әзекеңнiң әрiптесi бола бiлген басқа режиссерлердiң қойылымдары, шығармалары сахналанған драматургтер, образдарға жан бiтiрген актерлер шығармашылығы. Мiне, мұндай құбылысты өткерген сахналық ұжымның бар жауапкершiлiгi жетекшiнiң араласуынсыз өзiнен-өзi жүрмейдi. Ендеше осы уақыт аралығы Астана театрының Әзiрбайжан Мәмбетовтiң кезеңi деп аталуы заңды.
Әрине, қазақ сахна өнерiнiң қара шаңырағы М.Әуезов театрында өзi жеткен биiктiктерден кейiн жаңа театрға келiп, баяғы ырғақпен жұмыс iстеп кетудiң мүмкiн еместiгi анық. Осы тұрғыдан Ә.Мәмбетовтiң таңдап алған бағыты мен театрдың алға басуы үшiн жасалған стратегиялық жоспары бүгiнгi көзқараспен бағалағанның өзiнде өте дұрыс. Ең алдымен өзi ертеректе сахнаға қойған шығармаларын жас театрдың сахнасына қайталап қоюында еш кiнәрат жоқ. Керiсiнше, сол спектакльдер арқылы Әзекең жас театрдың құрамын үлкен мектептен өткiздi. Театр әртiстерiне биiк меженi көрсете отырып, соған жетуге талпындырды. Сол спектакльдер үшiн осындағы құрамға Алматыдан тәжiрибелi сахна шеберлерiн тартты. Үлкен кеңiстiкте өмiрге келген сахналық шешiмдерiн кiшi сахнаға қайта қою барысында дүниеге келген тәсiлдерi арқылы әрiптестерiне сабақ бердi. Ең қызықтысы, Әзекең жетекшiлiк еткен тұста оның үзеңгiлес режиссер шәкiрттерi Н.Жұманиязов пен Б.Ұзақовтар тек спектакльдер қойып қана қоймай, елiмiздiң ауқымында өткiзiлiп жатқан театр фестивальдерiне қатысып, бас жүлделер мен бәйгелердi алып жатты. Аталған режиссерлердiң «Алтын тордағы тоты», «Қанды азу» сынды қойылымдары Астана театрының жеңiмпаз спектакльдерi ретiнде танылды.
Әзекең шығармашылығының қай бағыты да қызықты. Дегенмен, ең алдымен Ә.Мәмбетов режиссурасы - ұлтымыздың өнер байлығы. Сахналық қойылым табысты болумен қатар, сәтсiз болуға да құқылы. Бiрақ қай спектакль болмасын өнер туындысы ретiнде қызықсыз болуына жол жоқ. Бұл қағида - Әзекеңнiң спектакльдерi арқылы тараған ұғым.
Астана театрының сахнасында қойылған «Қаракөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана - Жер-Ана» сынды тағы да басқа көптеген қойылымдарды iз-түссiз өте шыққан спектакльдер деп айтатын кiсi жоқ. Шығармашылық пайдасы сияқты басқа да тұстарын айтпағанда, Астана жұртшылығы үшiн бұл спектакльдер - неше ұрпақты есейткен, ұлтының тiлiмен тербеткен, намысын қайрап, жанына рухани азық болған дүниелер.
Актерлiк өнердiң дамуы үшiн Әзекеңнiң спектакльдерi берген сабақ - өз алдына бiр төбе. Астанаға келгенше бiрнеше рет сахналаған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» спектаклiн Әзекең осында қойғанда алдыңғы қойылымдарынан бiр сабақ ине-жiп алмағанын анық байқаймыз. «Қозы Көрпештiң» астаналық шешiмiнде шағын сахнаны шебер суреткерлiкпен қазақтың кең даласына айналдыра отырып, шығармадағы тар дүниенi әдемi бере бiлген.
Қарабай сүйреткен арбаны шебер пайдалана отырып, әрбiр көрiнiстi әр жерде өтетiндей етiп сахналық шешiм қолданды. Шағын алаңда арбаның бiресе Қарабайдың үйi, бiресе Қодардың қонысы, Жантықтың лашығы болып көрiнетiндей тәсiлмен пайдаланылуы - сөз жоқ, режиссура шеберлiгiнiң жемiсi. Оның үстiне «жетпiс жыл бағып, жетi жапырақ ауыз тимеген» Қарабайдың соншалықты бай бола тұра, байлық дегенiң бiр арбаға тұрарлық жүк емес екендiгiнiң, өлгенде көрге де кiргiзе алмайтын сынық арба екендiгiнiң символикалық ұғымы.
Осы Қарабайды сахналаған Шәмiл Жүнiстiң шеберлiгiн, Қозы мен Баянның аналарын сомдаған Р.Омарханова мен Т.Атымтаевалардың тәжiрибесiн жас актерлар С.Қашқабаев, Е.Малаев, А.Нөгербек, марқұм Ш.Мұқышовалар жастық жалындарымен ұластыра отырып, тамаша ансамбльдiк орындау деңгейiне жеткiзген де осы - Ә.Мәмбетов мектебi.
Жалпы, сахнагерлiк ортада Ә.Мәмбетов өмiрге өте қайырымды, ал өнерде қатал да бiрбеткей келбетiмен ерекшеленедi деген түсiнiк бола тұра, Әзекеңнiң астаналық кезеңiнде пайда болған жаңа қырларын да аңғаруға болады. Оны «Қаракөз» қойылымының мысалында аңғарасыз. М.Әуезовтiң бұл шығармасын Әзекең 1981 жылы сахналаған. Бұл спектакль Мәскеуге дейiн апарып көрсетiлiп, сол қойылымға жазылған Ғ.Жұбанованың тамаша музыкасы театрдың ресми үнiне айналған. Мiне, осы спектакль қойылған кезде театр сыншылары бiр ауыздан Ә.Мәмбетовке шығармадағы айтыстардың, жар-жардың, беташардың қысқартылып кеткенiн нұсқап, оны қойылымының ұтылған тұсы ретiнде алға тартқан болатын. Мұндай сын орынсыз емес те едi.
Мiне, осы шығарманы Астана театрының сахнасына әкелу барысында Әзекең ұлттық иiсi аңқып тұрған қойылым жасап шығарды. Кiшкентай ғана сахнаны кәдiмгi қазақта бақан деп аталатын оюланған, бiрде көтерiлiп келе жатқан күн сияқты, бiрде келiншекке құрылатын шымылдық сияқты, бiрде ғашықтар сырласатын қайыңды тоғай сынды әсер беретiн басқұрлармен өрнектеп, көркем сахналық әлем құра бiлдi. Қойылым Әзекең стилiне тән емес ұлттық бимен басталып, әр көрiнiс әдемi әнге ұласып, жар-жар, беташар қойылымның тартысына, сахналық тiлмен айтқанда, конфликтiге негiз болып отыруы осы спектакльдiң шын жетiстiгi деп айтса болады.
Жалпы, Ә.Мәмбетовтiң тұлғасы, өнердегi орны әлi ұзақ уақыт сақталады. Себебi, қазақ сахна өнерiнде ол қалыптастырған мектептен асқан ештеңе жоқ. Сондықтан да Астана театры үшiн, оның бүгiнгi ұжымы үшiн Ә.Мәмбетов - ырымды тұлға. Астана театры Әзекеңдi көркемдiк жетекшiсi ғана емес, рухани жетекшiсi деп бiледi».
Ә.Мәмбетов «Отан», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» орден- медальдарымен марапатталған. КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның халық әртісі атанған. Астана қаласының құрметті азаматы.