***
«Кеше Парламент Сенаты өзінің жаңа жылдан кейінгі алғашқы жалпы отырысын өткізді. Күн тәртібіне төрт мәселе шығарылса, соның барлығы дерлік қолдау тапты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» жұма күнгі нөміріндегі «Халық қалаулылары үміт артады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, отырысты ашқан Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «биылғы алғашқы отырысты ел тағдыры үшін ерекше маңызды мәселе - Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы бір топ депутаттың ұсынысын қараудан бастағалы отырмыз», деп аталған мәселеге ерекше тоқталды. Аталған бастаманы қолдап сөз сөйлеген сенаторлар Анатолий Башмаков, Мұхтар Алтынбаев, Александр Савченко, Юрий Цхай, Михаил Бортник, Тасбай Симамбаев, Қуаныш Айтаханов және Бақберген Досманбетов оның ел үшін қаншалықты маңызды екендігін жан-жақты ашып көрсетті. Нәтижесінде депутаттар Конституцияға Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігі көзделетін өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Президенттің республикалық референдум тағайындауы туралы ұсынысты қолдап, Елбасына Парламент Үндеуі мен Негізгі Заңға ұсынылып отырған өзгерістің мәтінін мақұлдады.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Парламент Сенаты еліміздің басты заң шығару органы депутаттарының республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігін қарастыратын Президенттің ҚР Конституциясына республикалық референдум мәселесі бойынша өзгеріс енгізу жөнінде референдум тағайындау туралы ұсынысын қолдайтын қаулы қабылдады. Қаулы арқылы сондай-ақ Парламенттің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевқа және Қазақстан Республикасының Конституциясына ұсынылған өзгерістерге Үндеу мәтіні мақұлданды. Онда: «Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Республикасы Конституциясы 54-бабы 2-тармағының 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы және оны құрушы ретінде Сізге, Қазақстанды орнату және нығайту ісіне өлшеусіз үлес қосушыға, біздің Отанымызды прогресс пен өркендеу жолымен сенімді алып келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және Ұлт Көшбасшысына референдумға мынадай мәселе шығару арқылы: «Сіз Қазақстан Республикасының Конституциясына республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін ұзарту мүмкіндігін қарастыратын өзгерістер енгізу туралы Заң қабылдайсыз ба?» деген республикалық референдум тағайындау туралы бастамамен шығып отыр. Біздер, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстанның барлық халқы секілді біздің еліміздің табысты болашағын тек Сізбен және Сіздің есіміңізбен байланыстырады», - делінген.
***
«Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті Ұйымның өзі үшін де, сонымен қатар Қазақстан үшін де сөзсіз маңызды оқиға болды. Астаналық кездесуде бірқатар қатысушылар арасындағы өткір пікірталас аясында Қазақстан өз төрағалығын жоғары позитивті нотада аяқтап, алға қойған мақсатын тиімді орындай алды. Біздің еліміздің осындай беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуінің өзі маңызды жетістік. Дегенмен ең маңыздысы Астана осымен ғана шектелген жоқ», деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Миссия завершена успешно» деген мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, Қазақ елі өз төрағалығы уақытын ауқымды проблемаларды шешуге ұмтылмастан-ақ тыныш өткізуіне де болар еді. Өйткені өткен жылдың көктемінде Қырғызстанда орын алған қақтығыстарды реттеуге Қазақстанның өте тиімді қатысуы еліміз тарапына ешқандай талап тудырмас еді. «ЕҚЫҰ-да оқиға одан әрі қалай дамыса да Қазақстанның өз төрағалығы кезінде әзірлеген болашақтағы даму үшін тұғырнама бар», - деп жазады басылым.