Halyk қоры балаларды төл мерекесімен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры Балаларды қорғау күніне орай биыл да жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі қайырымдылық бастамаларын жалғастырып отыр.

Фото: Halyk қоры

Қордың бастамасымен білім, мәдениет, әлеуметтік қолдау, спорт бағыттарында жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан жобалар мыңдаған балаға сенім мен жылулық сыйлап келеді. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін, әлеуметтік осал топтағы, ауыр диагнозы бар балаларды қолдау — қор қызметінің айнымас бағыты.

Қордың Бас директоры С. Шүңкеев атап өткендей, Балаларды қорғау күні — қор жыл сайын арнайы дайындалатын ең маңызды күндердің бірі.

Фото: Halyk қоры

— Бұл — тек сыйлық тарату емес, бұл — көңіл бөлу, жан жылуын сезіндіру. Баланың күлкісін ояту — қоғамды ізгілендірудің ең тиімді жолы. Қордың жыл сайынғы бастамалары осы ұстанымның нақты іс арқылы жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Балаларға көрсетілген әрбір назар — олардың бойына жылулық сыйлап қана қоймай, қоғамның да ізгілене түсуіне жол ашады, — дейді ол.

Қонаевтағы ерекше балаларға — ерекше көңіл

Биыл қор Алматы облысы Қонаев қаласындағы «Қонаев қаласының күндізгі болу орталығы» КММ мекемесіне арнайы барды. Бұл орталықта 1,5 мен 18 жас аралығындағы психоневрологиялық аурулары бар, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балалар күндізгі бөлімде арнайы әлеуметтік қызмет алады.

Мереке қарсаңында балалардың күнделікті күтіміне қажетті жағдайды жақсарту мақсатында орталық биыл Halyk қорына қолдау көрсету жөнінде хабарласқан. Қор бұл істі назардан тыс қалдырмай, кеңейтілген ауқымда әлеуметтік көмек ұйымдастырды: 60 тәрбиеленушіге арналған сыйлық жиынтықтарын әзірлеп, мерекелік ойын-сауық бағдарламасын ғана емес, орталықтың балаларына арналған бірқатар қосымша әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асырды.

Бұл — қордың Қонаев орталығымен алғашқы ынтымақтастығы емес: 2025 жылы да дәл осындай мерекелік игілік көрсетіліп, балғындарға қуаныш сыйланған болатын.

Фото: Halyk қоры

Қор Қарағандыдағы мектеп-интернатқа заманауи құралды сыйға тартты

Сондай-ақ Қор Halyk Bank-пен бірлесіп Қарағанды облысы білім басқармасына қарасты № 2 арнайы мектеп-интернатының акт залына арналған интерактивті панель сатып алу үшін қаржы бөлді.

Аталған мектеп-интернатта ерекше білім беру қажеттілігі бар 144 бала тәрбиеленеді. Жаңа интерактивті панель білім беру, тәрбие беру және түзету-дамыту жұмыстарының сапасын арттырып, мектептегі мерекелік бағдарламалар, концерттер, байқаулар, семинарлар, сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстарын заманауи форматта өткізуге мүмкіндік береді.

Ауылға ажар берген «Алтын бесік»

Балаларды қорғау күні қарсаңында Halyk қоры өңірлердегі балаларға арналған игі бастамаларын жалғастырды. Соның жарқын дәлелі — Костанай облысы, Әулиекөл ауданында қордың қаржысына бой көтерген ерекше келбетті «Алтын бесік» балабақшасы. Сыртқы келбеті «Хогвартс» қамалына ұқсайтын бұл ғимарат бүгінде тек сәулеттік ерекшелігімен ғана емес, ауылдағы мәдени, әлеуметтік өмірді түбегейлі өзгертумен де танымал. Бала тәрбиесіне арналған кең, жарқын, заманауи кеңістік — қордың елді мекендердегі инфрақұрылымды жақсартуға қосқан маңызды үлесінің бірі.

Halyk қоры балабақшаны тұрғызумен ғана тоқтап қалмай, жыл сайын мұндағы балдырғандар мен педагогтерге қосымша қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған. Биыл да мереке қарсаңында қор балабақшаға мектепке даярлайтын оқу-әдістемелік әдебиеттер, әртүрлі дамытушы кітаптар және футбол доптарын табыс етті. Бұл сыйлықтар балабақшаның білім беру қорын байытып, балалардың жан-жақты дамуына жаңа мүмкіндік ашты.

Айта кетейік, Halyk қайырымдылық қоры 2016 жылдан бері елімізде білім беру, спорт, мәдениет, экология және инфрақұрылым бағыттарында 214-тен астам жобаны жүзеге асырып, қайырымдылық мақсаттарға 90,4 млрд теңгеден астам қаржы бөліп келеді.