Halyk қоры: Жамбыл облысында FIFA стандарттарына сай футбол академиясы ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Таразда FIFA стандарттарына сай келетін футбол академиясы салынады. Аумағы сегіз гектар болатын спорт кешені құрылысының бастауы ретінде капсула қаланды.
Жобаны Жамбыл облысының әкімдігі мен Қазақстан футбол федерациясы бірлесе жүзеге асырады. Бас серіктес – құрылысқа 3,5 млрд теңгеге дейін бағыттайтын Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры.
Капсула қалау рәсімінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жобаның маңыздылығын атап өтті.
- Бұл жоба – Жамбыл облысының спорты тарихында жаңа кезең басталғанының белгісі. Біз жастарымызға барлық жағдайды жасауға күш салып жатырмыз. Футбол академиясы – жай ғана инфрақұрылым емес, балаларды армандарына жақындата түсу мүмкіндігі. Біздің міндетіміз – әр талант иесіне өзін көрсетуге мүмкіндік беру, - деді ол.
Академия өңірлерде жастар спортын дамыту жобалары ішіндегі ең ірілерінің бірі болмақ. Ол аймақта футболды дамытуға және болашақ кәсіби ойыншыларды дайындауға жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылып отыр. Жобаның негізгі серіктесі Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов аймақтардағы өзге спорт жобалары туралы да айтып өтті.
- Біз өңірлерде спорттың дамуына нақты мүмкіндіктер пайда болуын қалаймыз. Академия – соның бірі. Қор бұдан да басқа жобаларды жүзеге асырып жатыр: ауыл балаларына арналған AUYL SPORT, Жаңаөзен және өзге де қалаларда спорт кешендерін салу, бұқаралық спортқа және спорт инфрақұрылымын жақсартуға қолдау білдіру, - деді ол.
Жамбыл облысы спорттың бокс, күрес және футбол түрлерінен даңқты. Алайда, жергілікті спортшыларға толыққанды кәсіби дайындық үшін жағдай жеткіліксіз еді. Енді жаңа академияда қажеттіліктің бәрі қамтылмақ: ойыншылар мен жаттықтырушыларға арналған жатақхана, оқу аудиториялары, медициналық және оңалту блоктары, жабық және ашық алаңдар, сондай-ақ мың көрерменге есептелген трибуна. Нысандардың барлығы FIFA және UEFA талаптарына сай болады. Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лорияның айтуынша, Halyk қорының қолдауымен салынатын академия ұлттық футболдың дамуына қосылатын сүбелі үлес болады.
- Болашақ кәсіби ойыншылар мен чемпиондар дәл осы жерден шығатынына сенімдіміз, - деді ол.
Шараға қатысқан мектеп оқушыларының қуанышында шек болмады. Олардың болашақ академияны көз алдарына елестетіп тұрғанын байқау қиын емес.
Айта кетейік, академияда 14–17 жастағы қыздар мен бозбалалар оқиды. Олар төрт топқа бөлінеді. Бұл тренерлердің әр спортшыға жеткілікті көңіл бөліп, толыққанды спорт бағытын қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Құрылыс алаңында қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, нысанның аумағы бойынша белгілер қойылып, құрылыс мерзімі нақтыланбақ.