Халық Н. Назарбаевты ұлт лидері деп санайтыны ақиқат, сондықтан бұны заңнамалық қамтамасыз етудің қажеті де шамалы - сенатор Т. Симамбаев

АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Халық Н. Назарбаевты ұлт лидері деп санайтыны ақиқат, сондықтан бұл мәселені заңнамалық қамтамасыз етудің қажеті де шамалы.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен кезектен тыс отырыстан кейін журналистерге берген сұхбатында сенатор Тасбай Симамбаев осылай мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Парламент қабылдаған ҚР Тұңғыш Президентіне ұлт лидері мәртебесін беруге бағытталған заңына қол қоюдан бас тартқан болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бұл өзгерістер мен толықтыруларды қабылдауымыздың себебі, бізге сайлаушылар тарапынан мыңдаған хаттар келіп түсті, олардың барлығы осы заң жобасын қолдауға үндеді. Бірақ, заңдарға қол қою немесе одан бас тарту Конституциямен анықталған Президенттің еншісіндегі құқықтың бірі», деді сенатор. Оның пайымдауынша, Мемлекет басшысы дұрыс шешім қабылдап отыр. «Өйткені Ұлт лидері мәртебесін заңнамалық акті арқылы рәсімдеу - бұл міндетті мәселе емес», деді ол.