Халық пен мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, мен еліміз халқы үшін қажет шешімді қабылдаймын - Нұрсұлтан Назарбаев
Кеңеске Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Розақұл Халмұрадов, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айгүл Соловьева, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы рақымшылық жасау жөніндегі комиссияның төрайымы Зинаида Федотова, халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, генерал-лейтенант, Қорғаныс министрлігінің бас инспекциясының бастығы, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстанның Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, Қазақстанның Демократиялық «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев, «Руханият» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысы орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі Михаил Панин, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев қатысты.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу, сондай-ақ референдум өткізу жөніндегі жалпыұлттық бастама мәселелері талқыланды.
- Тәуелсіздік - бұл біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан мерейтойды мерекелеудің әрбір қазақстандық үшін маңызы ерекше. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттілік бекіп, өміріміздің барлық салаларын жеделдете жаңғырту кезеңі болды. Қазақстан осы жолда көп жетістіктерге қол жеткізді. Тарихи өлшемдер бойынша қысқа мерзім ішінде іс жүзінде жаңа мемлекет құрылды. Мемлекеттік басқарудың тиімді институттары құрылды. Саяси жүйедегі реформалар ойдағыдай жүргізіліп, азаматтық қоғам институттары даму үстінде. Біз тіпті жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс болған кездің өзінде де өзінің өміршеңдігін дәлелдей алған заманауи нарықтық экономиканы құрдық. Былтырғы жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға ойдағыдай төрағалық етіп, Ұйым саммитін өткізді. Ал биыл біз Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық етеміз. Жалпы алғанда, артта қалған 20 жыл ішінде біз елдігімізді нығайтып, болашақтағы даму мен гүлденуге қажетті базаны қалыптастырдық. Және де осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды. Міне, сондықтан да Тәуелсіздік біз үшін осындай үлкен маңызға ие. Және сондықтан да оны атап өтуді жоғары дәрежеде ұйымдастыруымыз қажет, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңеске қатысушылар Тәуелсіздіктің алдағы 20 жылдық мерейтойын мерекелеу мәселелерін талқылады және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізудің жалпыұлттық идеясын бірауыздан қолдады.
- Биылғы жылы еліміздің барлық азаматтары, Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы барлық қазақстандықтар үшін ең қасиетті деп өте әділетті түрде атаған тарихи оқиға - мемлекет Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелейтін болады. Мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасын талқылауға үкіметтік емес ұйымдар да тартылды. Біз осы жылдары жаңа мемлекеттің құрылысына қатысып отырғанымызға мақтаныш сезімін қалыптастырдық, біз ел тағдыры және біздің азаматтардың болашақ ұрпақтары үшін бірлескен жауапкершілікті көтеруге дайынбыз. Референдум өткізуге қатысты айтар болсақ, белгілі бір шынайы сәт басталды. Біз Мемлекет басшысы бастаған тарихи бағытты жалғастыру жолымен жүреміз, - деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева.
- Референдум өткізілуі тиіс, өйткені бұл қазақстандық халықтың қалауы. Президент ешқашан да өз халқының еркін қағыс қалдырған емес. Ол халықтың сенімін өзінің ішкі және сыртқы саясатымен ақтаған, халықаралық қоғамдастықта танылған көшбасшы, біз Қазақстанның болашағын тек онымен ғана байланыстырамыз, - деп атап көрсетті ШҚО орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі Михаил Панин.
-Біздің Президент - біз әрқашанда қолдайтын біздің Көшбасшымыз, - деп атап өтті Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев.
- Мемлекет басшысының арқасында Қазақстанның беделі өсті және халық Қазақстанды бірлігі жарасқан ел ретінде көргісі келеді, оның бастауында әрқашан да біздің Елбасымыз, Жоғары Бас қолбасшы, Мемлекетіміздің басшысы тұруы тиіс, - деп атап өтті генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.
«Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев та референдумға қолдау білдірді. Рефрендум бір жүйеден тұрақты эволюциялық түрде екіншісіне өтуі, Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған экономикалық, әлеуметтік және саяси үдерістер жалғастырылуы үшін Қазақстан халқына керек, деп атап өтті М.Нәрікбаев.
Жалпыхпалықтық бастаманы сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов та қолдады.
- Біз, ең алдымен, тұрақтылықты жақтаймыз, ал бұл тұрақтылық - біздің Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған жіті де айқын саясаттың арқасы, оны бүкіл халық қолдап отыр, сондықтан да бұл тұрақтылық - біз үшін өте маңызды, - деп атап өтті Р.Баталов.
- Ең маңыздысы - Конституция заңдарын сақтай отырып, халық пікіріне құлақ асу. Қазір халық референдум арқылы өз пікірін білдіргісі келеді. Біз де оны қолдаймыз, - деп атап өтті ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов.
- Референдум - бұл халықтың өз еркін білдіруі, ол барлық елдердің дерлік Конституциясында қаралған. Біз еліміздегі сайлаушылардың басым бөлігі қолдап отырғандықтан, референдум өткізу бастамасына қолдау білдіреміз деп шештік, - деп атап өтті Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев.
Қазақстан жастарының атынан «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов референдумды өткізу бастамасына қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
- Бүгінгі таңда әрбір жас азамат негізі қаланған сәттен бастап біздің мемлекетіміздің гүлденуін Елбасы, Мемлекет басшысы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ғана байланыстырады», - деді Н.Өтешов.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Розақұл Халмұратов референдум өткізу жөніндегі бүкілхалықтық бастама - бұл ең алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына бүкіл халықтың тарихи қолдау білдіруі, деп атап өтті.
Мемлекет басшысы кеңеске қатысушыларға тәуелсіз мемлекеттің қаланған кезінен бастап жүргізіліп келе жатқан осы стратегиялық саясатқа шын жүректен қолдау білдіргендері үшін алғысын айтып, референдум өткізу мәселесі - бұл тек Қазақстан халқының еркіндегі мәселе екенін атап өтті.
- Бүгін сіздер қоғамымызда қызу талқыға түсіп жатқан тағы бір маңызды мәселені көтердіңіздер. Бұл - Референдум өткізу жөніндегі бүкілхалықтық бастамаға қолдау білдіріп, қол жинау науқанының аяқталуы мен Тұңғыш Президенттің өкілеттілігі мерзімін ұзарту жөніндегі референдумның өткізілуіне рұқсат беретін Конституцияға Парламент енгізген өзгерістер. Барлықтарыңызға қолдау білдіріп, бүгін айтқан жылы лебіздеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бұл бастама бұқара халықтың қолдауына ие болғандықтан және бес миллионнан астам қол жиналғандықтан зор мақтаныш сезімінде отырмын. Бүкілұлттық бастамаға партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, барша қазақстандықтар қолдау білдірді. Бірде бір мемлекет саясаткері халық пікірін елеусіз қалдыра алмайтындығы белгілі. Бірақ мемлекеттік ұстаным тұрғысынан мен үшін бұл мәселе өте маңызды. Сондықтан барлық «ия» және «қарсы» деген пікірлерді таразылай отырып, халық пен мемлекет мүддесін ескере отырып, мен еліміздің халқы үшін қажетті шешім қабылдаймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.