Халық Президент шешімін қолдайды - Нина Вахитова

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Халық Президент шешімін қолдайды. Еңбек ардагері, Елбасының үзеңгілесі Нина Вахитова алдағы сайлау жөнінде осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биліктің жұмысына баға беретін - халық. Халықтың алаңсыз тұрмыс-тіршілігі мен мен мемлекеттің өркендеуі - билікке жүктелген міндеттің бірегейі. Осыны толық сезінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады», - деді Нина Вахитова.

Оның айтуынша, көпұлтты Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты арқылы татулығынан таймай, талай сын-қатерлерге төтеп берген.

«Халықтың көкейіндегісін дөп басып, оң шешімдер қабылдау арқылы мемлекетіміз гүлдене түсті. Ендігі міндет - сара жолдан таймай, әлем елдерінің алдында беделімізді одан ары арттыра беру. Ол үшін, әлбетте, тұрақты басшының қажет екені анық. Себебі, елінің қамын жейтін, елі сенетін Президентінің болуы - қажетті талап. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда Елбасымен де ақылдасқанын айтады. Мұндай шешімге бірден келмегені анық. Өзінің Үндеуінде өңірлерді аралағанын, халықтың көңіл-күйін жақсы білетінін де мәлімдеді. Демек, Президенттің бұл шешімі - халық қамы үшін қабылданған шешім», - деді Нина Вахитова.

Ол алдағы сайлаудың өткізілуін қолдайтынын жеткізді.

«Біртұтас халықтың бірлігін сақтап, ырыс-берекесін арттырып, сара жолға нық сеніммен бастайтын, халықтың тікелей еркімен сайланған Президенттің болуы - халқы үшін үлкен абырой. Сол үшін де біз, Қазақстан халқы, бұл тағдырлы шешіммен толық келісеміз әрі қуана қолдаймыз», - деді Нина Вахитова.