Халық санағын үздік жүргізу конкурсы - Алматы облысы
09:08, 22 Қаңтар 2009
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысында халық санағын үздік жүргізуге конкурс жарияланды.
Бұл туралы халық санағына қолдау көрсету жөніндегі комиссиясның мәжілісінде Алматы облысы әкімінің орынбасары, осы комиссияның төрағасы Болат Тәкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бізді өте көп жұмыстар күтіп тұр. Бұл науқанның маңыздылығы мен қажеттілігін әрбір азаматтың санасына жеткізу керек, ал жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін халық санағын үздік жүргізуге конкурс ұйымдастыру туралы шешім қабылданып отыр»,- дейді әкімнің орынбасары. Б.Тәкеновтың айтуынша, бұл конкурсқа Алматы облысының барлық 16 ауданы мен үш қаласы қатысатын болады. Ең үздік және ең жеделдер бес жүлделі орыннан тұратын алғашқы кіші топқа, ал жай ғана жақсы көрсеткішке қол жеткізген аудандар екінші «бестікке» кіреді, үшінші орын - халық санағын мерзімінде аяқтағандарға бұйырады. Конкурстың қорытындысы халық санағы ресми аяқталғаннан кейін шығарылады. Жеңімпаздарды ынталандыру сыйлықтары мен мақтау қағаздары күтіп тұр. Қазір облыста 187 санақ бөлімі, 1383 нұсқаушылар учаскесі және 6 349 санақ учаскелері құрылды.