Халық сеніміне ие болған партия ғана зор саяси күшке айналады
Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Жаңақала аудандық филиалы конференциясында айтылды.
Конференцияда баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының төрағасы Закария Сисенғали партия ұйымының атқарған жұмысына тоқталды.
Аудандық партия филиалы есепті кезеңде саяси кеңестің 5 отырысын, саяси кеңестің 23 бюросын өткізіп, онда аудандық партия ұйымының алдында тұрған ең өзекті мәселелер талқыланғанын сөз еткен филиал төрағасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жылма-жылғы Жолдауы және «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің шешімдерін жүзеге асыру бағытында:
-Ауыл әкімдерінің бастауыш партия ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеуі;
-Бастауыш партия ұйымы жұмысын жандандыру;
-Аудандық филиал бойынша 2009-2010 жылдары «Ашық есік» күндерін өткізу;
-Аудандық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясының атқарған жұмысы;
-Аудандық филиал жанынан құрылған жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесі мен оның жұмыс тобын құру;
-«Отандастар» акциясын ұйымдастыру туралы, басқа да маңызды мәселелерді қарап, шешімдер қабылдағанын, оларды іске асыру жұмыстары атқарылғанын айтты.
Аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция өз отырысында 2009-2011 жылдарға арналған аудандық бюджет, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы және оны дамытудың негізгі бағыттары, мүгедектерді оңалту бағдарламасының орындалуының барысы, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету, тағы басқа да мәселелерді талқылап, сессияға ұсынды.
Есепті мерзім ішінде филиалдың қоғамдық қабылдау бөліміне 101 өтініш түсіп, оның 92-і оң шешімін тапса, 9-ы қаралу үстінде.
Конференцияға қатысқан «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов және басқалар есепті мерзім ішіндегі аудандық филиал жұмысына оң баға берді.