Халық табысының стагнациясы қыр астында тұр – Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның табыс деңгейі жоғары елдер санатына өтуі үшін жыл сайын 6% деңгейінде өсім болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр біздің экономикамыз небәрі 3,2%, ал биылғы 3 айда 4,9% өсті. Сандар жаман емес, бірақ бұл сандар көңілді қанағаттандырып, оптимизм тудырмау керек. Қосымша өсім көздерін іздеу қажет. Үкімет экономикалық өсімді қамтамасыз етуге өршіл болуы, ынта танытуы керек. Бұл уақыттың, қазіргі жағдайдың пәрмені», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, кейінгі 10 жылдағы экономиканың инерциялық өсу қарқыны елімізді «орташа табыс тұзағына» түсіп қалуға әкелген.

«Қазір сапалы экономикалық өсімге қажетті берік іргетас құрмаса, халық табысының стагнациясы қыр астында тұр. Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстанның табыс деңгейі жоғары елдер санатына өтуі үшін жыл сайын 6% деңгейінде, яғни ағымдағы қарқыннан бір жарым есе жоғары өсуді қамтамасыз ету қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Президент төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтіп жатыр.