Сидхарт САКСЕНА,
Кембридж университеті жанындағы Орталықазиялық форумының жетекшісі:
- Қазақстанда көптеген өзге елдер үшін нақты мысал болатын өте тиімді тұрақтылықтың моделі қалыптасқан. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің осы жылы Президент сайлауын өткізу туралы Үндеуін маңызды бастама деп есептеймін. Ол тұрақтылықты сақтауға және ел экономикасын дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан да, мен 2015 жылы сайлау өткізу Қазақстан үшін үлкен алға басушылық қадам болатынына сенімдімін.
Зеев ХАНИН,
Израиль абсорбциялар министрлігінің бас ғалымы:
- Жақындап келе жатқан экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанның саяси басшылығы экономиканы өсіруге қарай бірқатар қадам жасады және қолға алды. Бұл үлкен күш жұмылдыруды қажет ететін іс. Сондықтан, сайлау өткізу туралы шешім, менің ойымша, тұрғындардан қосымша сенім несиесін алу деп білемін. Бұл өте дұрыс қадам.
Абдусаттор НУРАЛИЕВ,
Ресей-тәжік славян университетінің профессоры, «Қазақстан-Тәжікстан» достық қоғамының төрағасы:
- Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2015 жылы Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдаймын. Бұл, біріншіден, әртүрлі екі электоралдық саяси науқанның қатар келуіне мүмкіндік бермейді. Екіншіден, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық сынақтар кезеңінде әлемдік саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды дамыту бастамаларын табысты жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Май ХВАН,
КСРО және Қазақстанның конькимен сырғанау спорты жөніндегі еңбек сіңірген жаттықтырушы:
- Мен Қазақ спорт және туризм академиясында кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамаға қолдау білдіру митингісіне қатыстым. Сондай-ақ, студенттер алдында біздің атақты спорт ардагерлеріміз - Евгения Кадяйкина, Әмин Тұяқов, Шора Юмашев және басқа да көптеген спортшылар атынан сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Сөз сөйлеуге ұсыныс жасаған ардагер спортшылар жастарды Президент сайлауына белсене қатысуға шақыруды өтінді. Жас спортшылар көтерген плакаттар мен транспоранттарды көрген кезде мен студент жастардың қазірдің өзінде дұрыс таңдау жасағанына көзім жетті.
Мұрат ӘУЕЗОВ,
қоғам қайраткері, мәдениеттанушы:
- Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері биылғы жылы Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныспен шығуы арқылы халықаралық қиын жағдайлар кезінде, олардың алдын алуда аса көрегендік танытты. Мен де әлемдік үдерістерді, саяси жағдайларды үнемі бақылап отырамын. Бұл өте дұрыс бастама деп білемін.
Юлия КУЧИНСКАЯ,
«Демократиялық институт» ҒЗҚ-ның жобасы жөніндегі директоры:
- Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, респонденттердің 97 пайызы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын мақұлдады және тағы 96 пайызы сенім білдірді. Неге олар ҚХА бастамасын мақұлдайды деген мәселеге келсек, 95 пайызы президенттік сайлау өткізу қоғамды біріктіруге, экономикалық тапсырмалар мен міндеттерді шешуге шоғырландыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Ал 91 пайызы сайлау инвесторлардың ұзақ мерзімді реформалардағы сенімділігін қамтамасыз етеді деп санайды.
«Егемен Қазақстан» газеті, 2015 жылғы 25 ақпан